Жапаровты “Қазақстан президенті” деп таныстырған Пашинян протокол басшысын жұмыстан босатты – БАҚ
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Қазақстан президенті деп таныстырған. Осы оқиғадан екі күн өткен соң мемлекеттік протокол қызметінің басшысы Гагик Ваноян қызметінен босатылды. Алайда екі оқиғаның байланысы ресми расталған жоқ, деп хабарлайды The Armenian Report басылымы.
Жапаровты Қазақстан президенті деп атаған
Оқиға 17 қазанда Ереванда Никол Пашинян мен Садыр Жапаровтың баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі кезінде болған. The Armenian Report мәліметінше, Армения үкіметінің басшысы алдын ала дайындалған мәтінді оқып тұрып, Қырғызстан басшысын Қазақстан президенті деп атаған.
Жапаров Арменияға ресми сапармен барған. Армения премьер-министрінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, сапар қорытындысында тараптар бірлескен мәлімдемеге қол қойып, бірқатар саладағы ынтымақтастық жөніндегі құжат алмасқан.
Қызметтен босатудың себебі жарияланбаған
19 қазанда Пашинян мемлекеттік протокол қызметінің басшысы Гагик Ваноянды қызметінен босатты. Armenpress агенттігінің хабарлауынша, тиісті шешім үкіметтің e-gov.am сайтында жарияланған. Ваноян бұл қызметті 2022 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келген. Оның жұмыстан босатылу себебі көрсетілмеген.
The Armenian Report басылымы екі оқиғаның арасы екі күн болғанына назар аударады. Дегенмен Армения билігі Ваноянның қызметтен кетуін премьер-министрдің ағаттығымен ресми түрде байланыстырған жоқ. Пашинян оқыған мәтінді кім дайындағаны және қателікке кімнің жауапты екені де жарияланбаған.
Басылымның жазуынша, Арменияның протокол қызметін 2000–2006 жылдары басқарған бұрынғы дипломат Ваагн Меликян халықаралық іс-шаралар өтіп жатқан кезде мұндай кадрлық шешім қабылдауды сынға алған. Оның пікірінше, қателік жіберілген күннің өзінде ресми шара аяқталғанша күтіп, содан кейін оның себебін анықтау қажет. Меликян протокол қызметіне басшы тағайындағанда кәсіби дипломатиялық тәжірибе ескерілуі керегін де айтқан.