Айсұлтан Сейітов америкалық әйгілі рэперге клип түсірді
Айсұлтан Сейітов A$AP Rocky-дің Shroom Clouds клипінің режиссері атанды
Қазақстанның режиссері Айсұлтан Сейітов америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген клиптің режиссерлерінің бірі болды. Жобаға қазақстандық колорист Ерлан Танай да атсалысқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Музыкалық клип рэпердің YouTube арнасында жарияланды. Клиптің соңғы титрлерінде Айсұлтан Сейітовтің есімі A$AP Rocky мен режиссер Пьетро Бис Биазиямен қатар көрсетілген.
Сюрреалистік бейне және жаңа сингл
Клип сюрреалистік мәнерде түсірілген. Жасыл төбелер мен кең дала көріністері қала көшелерімен, ескі автокөліктермен және тосын визуалдық әсерлермен алмасып отырады. Shroom Clouds әні 16 қазанда жарық көрді. Оны жазуға америкалық орындаушылар Jeremih пен Reggie де қатысқан. Композиция A$AP Rocky-дің Don’t Be Dumb альбомының екінші бөлігіне жол ашатын алғашқы сингл ретінде таныстырылды.
Бұл – Айсұлтан Сейітов пен A$AP Rocky-дің алғашқы бірлескен жұмысы емес. Қазақстан режиссері 2021 жылы рэпермен бірге PacSun киім брендіне арналған жарнамалық жобаға қатысқан.
Рэпердің шын аты – Раким Майерс. A$AP Rocky музыкамен қатар сән индустриясында да танымал. Ол бірнеше рет «Грэмми» сыйлығына ұсынылып, әлемдік брендтермен жұмыс істеген.
Клиптің түстерін Ерлан Танай өңдеген
Жобаның визуалдық келбетін қалыптастыруға қазақстандық колорист Ерлан Танай да үлес қосты. Ол бейненің түстерін, контрастын және жалпы реңкін үйлестіруге жауап берген. Танай Алматыда туып-өскен. Қазір Лос-Анджелесте тұрып, АҚШ-тағы Company 3 постпродакшн студиясымен жұмыс істейді.
Оның шығармашылық қоржынында Әділхан Ержановтың Венеция кинофестивалінің Orizzonti конкурстық бағдарламасына қатысқан «Сары мысық» фильмі бар. Сондай-ақ ол T-Fest, Иван Дорн, Ғалымжан Молданазар, Скриптонит және «Масло Чёрного Тмина» секілді орындаушылардың клиптерін өңдеген.
Сейітов пен Танай бұған дейін «Қаш» фильмінде де бірге жұмыс істеген. Картина Танайдың ресми портфолиосында көрсетілген. Айсұлтан Сейітов қазақстандық көрерменге осы тарихи драманың режиссері ретінде таныс. Ол бұған дейін 21 Savage, J. Cole және басқа да шетелдік музыканттарға бейнеклип түсірген.