«Осылай босап кете бере ме»: Санжар Мәди Navai ісінен соң заң органдарын сынға алды

Актер Санжар Мәди ресейлік рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық істің тоқтағаны жөнінде ойын желіге жазып, Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл өзгелерге үлгі болмай ма?»
Санжар Мәдидің назарын қылмыстық істің «ақтамайтын негіздер бойынша» тоқтатылғаны туралы түсініктеме аударған. Актер мұндай шешім шекарадан тыйым салынған заттармен өтпек болған өзге адамдарға да қолданыла ма деген сұрақ қойды.
«Сонда, теориялық тұрғыдан алғанда, кез келген адам шекарамыздан есірткі заттарымен өтіп, бұрын жауапқа тартылмаған болса, босап шыға ала ма? Неше рет өтуге болады, оны қайдан көруге болады?» — деп жазды ол.
Актер ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне де тікелей жүгініп, істің тоқтатылуын мысқылмен сынаған.
«ҚАЖК, барлық қызметтің бағасын бірден бересіздер ме? Егер тегін болмаса. Мысалы, есірткі контрабандасына оқталды деген күдік бойынша – 5 миллион, ал тұрақты клиенттерге жеңілдік бар ма?» — деп жазды Санжар Мәди.
Актердің ақша мен «жеңілдік» туралы сөзі — шешімге қатысты мысқыл пікірі. Ол бұл жазбасында ақша берілгенін растайтын дерек келтірмеген.
Полиция істің тоқтатылуын қалай түсіндірді
Navai сахналық атымен танылған Наваи Бакиров 13 қазаннан 14 қазанға қараған түні Қазақстандағы «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Бұған дейін музыкант мінген автокөлікті тексеру кезінде есірткі заты табылғаны хабарланған. 15 қазанда соттың оған қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдағаны белгілі болды.
Ал 20 қазанда Жамбыл облыстық полиция департаменті рэперге қатысты қылмыстық істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын мәлімдеді. Ведомство мұны оның құқық бұзушылықты алғаш рет жасауымен және шын өкінуімен түсіндірді. Полицияның хабарлауынша, қабылданған процестік шешімді қадағалаушы орган бекіткен. Шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылған.