$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45
Жаңалықтар

Өзбекстан мен АҚШ 12 млрд долларға жасасты

АҚШ Орталық Азиямен 100 млрд доллардан астам сомаға мәміле жасауды жоспарлап отыр

Самарқанда өткен C5+1 форматындағы кездесу аясында Өзбекстан мен АҚШ компаниялары жалпы құны 12 млрд доллар болатын 54 келісімге қол қойды. Уағдаластықтар өнеркәсіп, энергетика, көлік, қаржы және цифрлық технологиялар секілді бірқатар саланы қамтиды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бастаған делегация Самарқанда Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуге келді. Сапар аясында америкалық бизнес өкілдері өзбекстандық серіктестерімен инвестициялық жобалар мен іскерлік ынтымақтастық жөнінде келісімдер жасасты. Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті басылымдардың мәліметінше, қол қойылған құжаттар экономиканың бірнеше негізгі бағытын қамтиды деп жазады fergana.agency

Қандай келісімдер жасалды

Уағдаластықтар өнеркәсіпті, көлік және энергетика инфрақұрылымын, аса маңызды минералдарды игеруді, қаржы секторын, цифрлық технологияларды, ауыл шаруашылығын, денсаулық сақтау мен білім беруді қамтиды. Атап айтқанда, Wabtec компаниясымен ынтымақтастық теміржол техникасы мен оның бөлшектерін Өзбекстанда өндіруді жолға қоюға бағытталған. Ал Franklin Templeton, Oppenheimer & Co., Citigroup және BlackRock компанияларымен жасалған келісімдер өзбекстандық кәсіпорындардың халықаралық капитал нарықтарына шығуына, институционалдық инвесторларды тартуға және инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға қатысты.

Тау-кен саласында ReElement Technologies, Traxys және Trafigura компанияларымен кен орындарын зерттеу және игеру, технологиялық ынтымақтастық пен минералдық ресурстарды жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген. Бұл бағыттағы жобалар Өзбекстанның аса маңызды минералдар саласындағы мүмкіндігін арттыруды да көздейді. Бұдан бөлек, Amazon Leo компаниясымен спутниктік байланысты дамыту, GE HealthCare компаниясымен заманауи медициналық технологияларды енгізу, Valmont Industries компаниясымен ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру жоспарланған.

Вашиңтон Орталық Азиямен экономикалық байланысты күшейтпек

DW мәліметінше, Марко Рубио 19 қазанда журналистермен сөйлескенде өзі бастаған делегация құрамында 300-ге жуық америкалық компанияның өкілі бар екенін айтқан. Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен келіссөз барысында АҚШ мемлекеттік хатшысы 2025 жылғы қарашадан бері Вашингтон мен Орталық Азия елдері арасында 25 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы сауда және инвестициялық операциялар аясында тағы 100 млрд доллардан астам сомаға мәмілелер жасау жоспарланып отыр.

Самарқандтағы кездесу C5+1 форматында өтті. Бұл тетік АҚШ пен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы өзара іс-қимылды қамтиды. Формат 2015 жылдан бері жұмыс істейді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button