$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41
Жаңалықтар

Рэпер Navai-дың жыры: Ресей билігі Қазақстанға нота жолдады

Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы рэпер Наваи Бакировтың қамауға алынуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдігіне дипломатиялық нота жолдады. Ресей тарапы Navai деген атпен танымал орындаушыға қатысты жағдай жөнінде ресми түсініктеме сұраған, деп хабарлайды Tizgin.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей консулдығы не сұрады

Дипломатиялық өкілдіктің баспасөз қызметі нота Қазақстан СІМ-нің Алматыдағы өкілдігіне жіберілгенін мәлімдеді. Онда Ресей азаматына қатысты жағдайға ресми түсініктеме беру сұралған.

Бас консулдық өкілдері оқиғаның барысын бақылап отырғанын да жеткізді. ТАСС хабарламасында Қазақстан тарапының дипломатиялық нотаға берген жауабы келтірілмеген.

Navai не үшін қамауға алынды

Наваи Бакиров 13 қазанда Қазақстанға кірер кезде «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Операцияны полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жүргізген.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, орындаушы мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген. Іс есірткі контрабандасы және оны заңсыз сақтау күдігі бойынша тергеліп жатыр.

Кейін орындаушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Тергеу жалғасып жатыр.

Back to top button