$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

Мусин Қазақстан мен Әзербайжан үшін сүйінші жаңалықты жариялады

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін ресми түрде іске қосты. Каспий теңізінің түбімен тартылған 380 шақырым кабель екі елді жаңа халықаралық байланыс арнасымен тікелей жалғады. Сүйінші жаңалықты «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz 

Каспий түбімен 380 шақырым кабель тартылды

Бағдат Мусиннің айтуынша, жобаны «Қазақтелеком» Әзербайжанның AzerTelecom компаниясымен бірлесіп жүзеге асырған. Екі елдің арасын тікелей жалғайтын талшықты-оптикалық кабель Каспий теңізінің табанымен жүргізілген.

Мусин бұл желінің іске қосылуын Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам деп бағалады.

Оның сөзінше, жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін ұлғайтуға, Қазақстандағы дата-орталықтар алқабын дамытуға және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндік береді.

«Әр шақырым кабельдің артында орасан еңбек тұр»

«Қазақтелеком» басшысы жобаның жүзеге асуына бірнеше ай бойы еңбек еткен мамандардың үлесін ерекше атап өтті. Олардың қатарында инженерлер, теңізшілер, сүңгуірлер және кабель төсеушілер бар.

«Мен үшін бұл жоба, ең алдымен, адамдар туралы. Оны жүзеге асыру үшін айлар бойы жұмыс істеген инженерлеріміз, теңізшілеріміз, сүңгуірлеріміз, кабель төсеушілеріміз және барша мамандар туралы», – деп жазды Мусин.

Ол әзербайжандық серіктестеріне және «Қазақтелеком» командасына алғыс білдірді. «Осы кабельдің әр шақырымының артында сіздердің орасан еңбектеріңіз тұр. Бүгін біз ортақ жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Біз мұны жасадық» деп түйіндеді компания басшысы.

Бұл не береді

Каспий арқылы тартылған жаңа желі Қазақстанға халықаралық интернет трафигін тасымалдаудың қосымша бағытын береді. Бұл сыртқы байланыс арналарының бірінде ақау болған жағдайда трафикті балама жолмен өткізуге және байланыстың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы деректер транзитінен табыс табу, дата-орталықтарды дамыту және технологиялық компанияларды тарту әлеуетін күшейтеді. Алайда интернеттің пайдаланушылар үшін жылдамдауы мен арзандауы операторлардың желіні қалай пайдаланатынына және ел ішіндегі инфрақұрылымның сапасына байланысты.

Back to top button