$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
ЖаңалықтарОқиға

СҚО-да екі КамАЗ-дың арасында жеңіл көлік жаншылып, үш адам қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында бес көлік соқтығысқан жол апатынан үш әйел қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға қалай болған

Жол апаты 15 қазанда сағат 08:00 шамасында Тайынша ауданының Кременчуг ауылы маңында болған.

Полицияның мәліметінше, Петропавл – Көкшетау тасжолында үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысқан.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба тарады. Кадрлардан екі жүк көлігінің арасында қалып, қатты зақымданған жеңіл автокөлікті көруге болады.

Апат салдарынан Audi көлігіндегі үш жолаушы әйел алған жарақаттарынан көз жұмды. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы әйел ауруханаға жеткізілген.

Ал жол апатына қатысқан өзге көліктердің жүргізушілері зардап шекпеген.

Қаза тапқан кімдер

Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы жол апатынан қаза тапқан әйелдердің Жамбыл ауданындағы балабақшада жұмыс істегенін хабарлады. Олардың бірі балабақша меңгерушісі, қалған екеуі тәрбиеші болған.

Басқарма қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, сапардың қызметтік міндеттерге қатысы болмағанын нақтылады.

«Бұл жеке сапар болған және жұмысқа қатысы жоқ», – деп мәлімдеді ведомство.

Аталған дерек бойынша полиция жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу жалғасып жатыр.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button