Қытайлық бақылаушылар Қазақстандағы Құрылтай сайлауының ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалады

Қазақстандағы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ашық әрі жария түрде өтті. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Су Фанцю Халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Дипломаттың айтуынша, халықаралық бақылаушылар Алматы қаласының бірнеше сайлау учаскесін аралап, оның ішінде №204, №361 мен №622 учаскелеріне арнайы барған. Бақылау барысында олар комиссияның жұмысымен, дауыс беруді ұйымдастыру тәртібімен танысып, сайлаушыларға қандай жағдай жасалғанын өз көзімен көрген. Ол аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері бақылаушылардың жұмысына кәсіби түрде қолдау көрсетіп, барлық сұраққа жедел жауап беріп отырғанына тәнті болыпты.
«Бұл сайлаудың барынша ашық әрі жария өтіп жатқанын атап өту керек. Қазақстан халықаралық бақылаушылардың жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасады, дауыс беру барысы да қалыпты әрі ұйымдасқан түрде, ең бастысы ҚР Конституциясы мен заңнамасына, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге толық сәйкес өтіп жатыр», – дейді Су Фанцю.
Бас консулдың айтуынша, сайлау учаскесінде азаматтар ерекше белсендігімен көзге түскен. Демалыс күні болғанына қарамастан, Алматы тұрғындары дауыс беруге бір кісідей қатысып жатыр. Бақылаушылар БАҚ өкілдерінің белсенділігіне де көңіл аударды. Олардың пікірінше, бұл сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды элементтің бірі екен.
Халықаралық миссия сайлаудың заңдылығына немесе ашықтығына күмән келтіруге негіз болатын заң бұзушылықты тіркемеген.
«Сайлау барысына күмән келтіретін заң бұзушылықты анықтаған жоқпыз. Қытай тарапы қазіргі сайлаудың демократиялық талаптарға толық сәйкес келгеніне көз жеткізді. Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанына сенімдімін», – деп толықтырды дипломат.
Журналистердің сұрағына үн қата отырып, Су Фанцю Қытайдың стратегиялық серіктесі Қазақстанның даму барысын мұқият бақылап жүргенін, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетінін зор сенімін білдірді.
Сондай-ақ, ол заң шығарушы органдарының маңызына бөлек тоқталып, Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшуі тәжірибесі екі жақты байланысты дамытуға қосымша мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.
Өз сөзін Бас консул тілекпен түйіндеді. Ол Қазақстанға сайлауды табысты өткізіп, еліміздің одан әрі өркендей беруін, екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікке толағай табыс тіледі.