Бақытжан Базарбек ауылға көшіп кетті
Экс-депутат жақында басынан өткен оқиғаға байланысты Жамбыл облысындағы ауылға көшіп барды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы орталық мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінде ел болашағы үшін жаңа Құрылтайдың депутаттарын сайлауға өз дауысымды бердім! Ауыр халде жатқан Нұржігіттің жанында болуым қажет болғандықтан, Құлан ауылына көшіп келдім. Алдағы уақытта Нұржігіт көзін ашқанша осы ауылда боламын. Өзім Алматы қаласының Бостандық ауданында тіркелгендіктен, дауыс беру үшін уақытша тіркеуге тұрып, тиісті рұқсат құжатын (открепительный талон) алып, бүгін азаматтық таңдауымды жасадым. Болашақ Құрылтай мен оның депутаттарына сәттілік тілеймін! Халық үшін, ел үшін адал еңбек ететіндеріңізге сенемін”, – дейді ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды.