Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленеді. Вице-президент Ерлан Қарин тіл мамандары мен салаға жауапты басшылардың басын қосып осы мәселе турасында жиын өткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Арнайы жұмыс тобы құрылады
Ерлан Қариннің айтуынша, «қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас тек тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты мәселе емес. Қазақ тілі мемлекеттік әрі кеңсе тіліне айналғандықтан, әрбір сөздің жазылуы мен айтылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей әсер етеді. Осыған байланысты еліміздегі тіл саясатын жүргізетін мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдар бас қосып, туындаған мәселені талқылаған. Пікір алмасу қорытындысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу жөнінде шешім қабылданған. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, сөздіктің жаңа нұсқасы дайындалады. Кейін ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияның қарауына енгізіліп, ресми түрде бекітіледі.
Вице-президент мемлекет сөздердің қалай жазылуы керектігін өзі анықтамайтынын, бұл жұмыс тіл мамандары мен ғалымдардың құзыретіне жататынын атап өтті.
«Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық».
Соңғы сөздік 2013 жылы шыққан
Қазақ тілінің қолданыстағы орфографиялық сөздігі соңғы рет 2013 жылы жарық көрген. Содан бері қоғамдық, саяси, экономикалық және технологиялық өзгерістерге байланысты тілдік айналымға көптеген жаңа сөз бен ұғым енді. Ерлан Қарин қазіргі емле төңірегіндегі пікірталастардың бір себебі сөздіктің ұзақ уақыт бойы жаңартылмауында жатқанын меңзеді. Оның сөзінше, жаңа басылымды әзірлеу кезінде асығыстыққа жол бермеу қажет, бірақ бұл жұмысты соза беруге де болмайды.
Вице-президент жаңа орфографиялық сөздікке кезекті салалық еңбек ретінде емес, ұлттық деңгейдегі жоба ретінде қарауды ұсынды. Ол бұл жұмысты Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлеумен салыстырып, сөздіктің ғылыми негізі берік әрі қоғамға түсінікті болуы керектігін аңғартты. Жаңа сөздік қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылуын біріздендіріп қана қоймай, кейінгі жылдары қолданысқа енген атаулар мен терминдердің де орфографиялық нормасын нақтылауға тиіс.
Посмотреть эту публикацию в Instagram