$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Қоғам

“Қош болыңдар, бауырларым”: Димаш Каспийде қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты

Әнші Димаш Құдайберген Маңғыстау облысында қаза болған сарбаздардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әнші Ақтауда көз жұмған 18-19 жасар інілерін қимай жүрегі ауырып,айтуға сөз таба алмай отырғанын жеткізді.

“Балалық кезеңнен енді ғана шығып келе жатқан кезде жап-жас ғұмырлардың осылайша үзіліп кеткені… Қаза болған бауырларымыздың ата-анасына, туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Алла жүректеріңізге сабыр, өздеріңізге күш берсін. Інілерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жандары жәннатта болсын. Е Алла,құдіреті күшті Алла,інілерімді алдынан жарылқағайсың.Ешбір ата-ана баласының артында қалмасын… Елімізде мұндай қасірет енді қайталанбасын. Қош болыңдар, бауырларым…” – деп жазды әнші.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Back to top button