Қазақстандағы ірі мұнай-химия жобасын іске асырып жатқан «Kazakhstan Petrochemical Industries» (KPI) компаниясы халықаралық арбитражға қатысты заңгерлік қызметке 2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырып отыр. Екі сатып алу да 2026 жылғы 31 наурызда бір көзден алу тәсілімен рәсімделген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжаттарға сүйенсек, екі жағдайда да қызмет шетелдік сот органдары мен халықаралық төреліктерде компания мүддесін қорғауға бағытталған. Алайда нақты қандай даулар туралы екені, қарсы тараптар және арбитраж өтетін юрисдикциялар ашық көрсетілмеген.
Бірінші келісім бойынша қызмет көрсетуші ретінде Fieldfisher Worldwide Limited заң фирмасы таңдалған. Келісім құны – 1,09 млрд теңге. Екінші сатып алу аясында Norton Rose LLP заң фирмасымен шамамен 1,03 млрд теңгеге келісім жасалмақ .
KPI – Атырау қаласында орналасқан мұнай-химия жобасының операторы. Компания қатысушылары қатарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы (49,5%), ресейлік «СИБУР Холдинг» (40%), «SK Ondeu» (9,5%) және «Алмэкс Плюс» (1%) бар.
Ашық деректерден Fieldfisher Worldwide Limited бұған дейін Самұрық-Қазына қорымен тікелей келісімшарт жасасқанын көруге болады. 2025 жылғы құжаттарда компания халықаралық арбитраждық дауларға дайындық және шетелдік соттарда мүддені қорғау қызметтерін көрсеткені көрсетілген. Сол келісімде заңгерлердің қызметі сағаттық тарифпен есептеліп, серіктес деңгейіндегі маманның бір сағаты 735 доллар болса, өзге заңгерлердің қызметі шамамен 195–545 доллар аралығында бағаланған.
Сатып алу құжаттарында жеткізушілердің түпкі бенефициары туралы ақпарат толық ашылмаған. Түсіндірмеде бұл деректер бұрын ұсынылғаны айтылғанымен, нақты қайда жарияланғаны көрсетілмеген.
Келісімшарттар шешім қабылданған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде жасалуға тиіс. Әзірге«Самұрықтың» сатып алу поратлында ол келісімшарттардың мәтіні жарияланбаған.