$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарҚоғам

Қазақстан төтенше жағдайлар мен қорғанысқа трлн теңгеден астам қаржы жұмсап жатыр

Өткен жылы республикалық бюджеттен қорғаныс пен төтенше жағдайларға 1,15 трлн теңге бағытталды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 10,7%-ға көп, деп хабарлайды Tizgin.kz Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Қорғанысқа жұмсалған қаржы

Былтыр ең көп қаражат Қорғаныс министрлігіне бөлінді – 933,3 млрд теңге. Ал Төтенше жағдайлар министрлігіне 216,2 млрд теңге бағытталды.

Салыстырып көру үшін екі жыл бұрын қорғаныс шығындары 1,04 трлн теңгені құрағанын мысал етуге болады. Ол кезде қаражат бірнеше ведомство арасында бөлінді. Яғни 542,2 млрд теңге тікелей Қорғаныс министрлігі арқылы, 295 млрд теңге мемлекеттік қорғаныс тапсырысы Индустрия және құрылыс министрлігі арқылы, тағы 201,2 млрд теңге ТЖМ-ға тиесілі.

Осылайша, 2024 жылы ТЖМ-ның шығындарын қоспағанда, әскери мақсаттарға 837,3 млрд теңге бағытталған.

Министрлікке берілген өкілеттік

Былтыр мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру және іске асыру өкілеттігі Қорғаныс министрлігіне берілді. Президенттің 13 ақпандағы жарлығына сәйкес, министрлікке бұған дейін Индустрия және құрылыс министрлігі жүзеге асырған мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, басқару және салааралық үйлестіру функциялары жүктелді.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық ынтымақтастық және әскери мақсаттағы өнімдер бағасын белгілеу салаларында жаңа өкілеттіктерге ие болды.

Шығындар 11,9%-ға артты

2024 және 2025 жылдардағы көрсеткіштерді дұрыс салыстыру үшін 2024 жылғы Қорғаныс министрлігі шығындарына сол кезде Индустрия және құрылыс министрлігі арқылы өткен мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қаражаты қосылды.

Нәтижесінде салыстырмалы шығын көлемі 2024 жылғы 867,1 млрд теңгеден 2025 жылы 970,1 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл 11,9%-ға артық.

Back to top button