TOP-1Эксклюзив

Қазақстандықтар үш айда былтырғыдан 9 млрд теңге көп айыппұл төлеген

Бір тоқсанда қазынаға 43,9 млрд теңге айыппұл түскен

Құқықтық статистика мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың І тоқсанында әкімшілік айыппұлдардан 43,9 млрд теңге өндірілген. Бұл 2025 жылдың алғашқы үш айымен салыстырғанда шамамен 25,8% көп, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Былтыр осындай кезеңде 34,9 млрд теңге айыппұл жиналған болатын.

Айыппұл көлемінің өсуіне айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) индекстелуі де әсер етті. 2026 жылы АЕК 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін өсіп, 9,96% артқан болатын. Сонда жиналған айыппұлдың нақты өсім шамамен 15-16% болды деген сөз.

Биыл І тоқсанда ең көп айыппұлды Алматы қаласы (7,98 млрд теңге) Алматы облысы (4,87 млрд теңге) Астана қаласы (3,3 млрд теңге), Түркістан (3,29 млрд теңге) және Батыс Қазақстан (2,88 млрд теңге( облыстары жинап отыр. мен көш бастады.

Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау (175,6 млн теңге), Жетісу (598,4 млн теңге), Солтүстік Қазақстан (674,7 млн теңге) облыстарында тіркелген.

Инфокесте: AI/Tizgin.kz

Өткен айдағы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында мемлекеттік бюджет кірістері 6,4 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеген болатын. Оның ішінде республикалық бюджетке 4,2 трлн теңге, жергілікті бюджеттерге 2,3 трлн теңге түскен. Сонда қазақстандықтар төлеген айыппұлдар мемлекеттік бюджет кірістерінің 0,7%-ын құрап отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша, қазақстандықтар 16 жастан бастап айыппұл төлейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елдегі 20,5 млн адамның 14,3 миллионы айыппұл төлейтін жаста. Сонда 3 айда жиналған айыппұл 16 жастан жоғары 14,3 млн адамның әрқайсысына шамамен 3074 теңгеден келеді.

Back to top button