Қазақстанда автокөлік бағасы арзандай ма – министр жауап берді
Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің бағасы қымбаттамайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, отандық автокөлік нарығында бағаның төмендеу үрдісі байқалып отыр.
«Мен бағаның төмендеу үрдісін байқап отырмын. Қазақстанда шығарылатын автокөліктердің бағасы қымбаттамайды», – деді Нағаспаев.
Оның мәліметінше, былтыр елімізде 171 мың автокөлік шығарылса, биыл өндіріс көлемін 191 мыңға жеткізу жоспарланған.
Қостанай облысы мен Алматыдағы жаңа автозауыттар әзірге толық қуатына шыққан жоқ. Олардың жылдық өндірістік қуаты тиісінше 70 мың және 120 мың автокөлікке есептелген.
Министр көліктердің сапасы өндіруші компанияларға байланысты екенін де атап өтті. Оның пікірінше, «Астана Моторс» пен Allur сияқты тәжірибелі кәсіпорындар сапасыз өнім шығаруға жол бермейді. Қазір Алматыдағы зауытта Changan, Chery және Haval маркалы көліктер құрастырылып жатыр. Ал Қостанайда Li Auto өндірісін іске қосуға дайындық жүргізіліп жатыр.