$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45
Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан кеден өкілдіктерін ашпақ: бұл екі елге не береді

Қазақстан Өзбекстанмен кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашуды, ал Пәкістанмен кедендік ақпарат алмасу мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуды көздеп отыр. Осыған қатысты келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары Құрылтайда қаралып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өзбекстанмен келісім бірінші оқылымда мақұлданды

2026 жылғы 21 қазанда Құрылтай Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қаржы және бюджет комитетінің екінші оқылымға арналған қорытындысында келісім екі елдің кеден органдары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылған. Сондай-ақ, ол өзара сауданы дамытуға, тауарлардың, көлік пен азаматтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеделдетуге қосымша жағдай жасауға бағытталған.

Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан жұмыс тобында және комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланған. Құрылтайдың барлық комитеті құжатқа оң қорытынды берген. Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын Құрылтай отырысының қарауына енгізіп, қабылдауды ұсынды.

Пәкістанмен кедендік ақпарат алмасу көзделген

Пәкістанмен уағдаластықтар кедендік ақпарат алмасуды, соның ішінде экспорттық және транзиттік декларациялардағы деректерді өзара беруді қарастырады.

Бұған қоса, тараптар кеден саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға өзара көмектесіп, құзыретті органдардың іс-қимылын үйлестіруді көздеп отыр. Қаржы және бюджет комитеті Пәкістанмен келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынған.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button