Маңғыстауда мұнайды шетелге сатып жүрген топ ұсталды – ҰҚК
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстан аумағынан тыс жерлерге заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Tizgin.kz ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалған сапа паспорттары ресімделді
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алып, кейін мұнай «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеуге шарттар жасасқан. Бұдан бөлек, жалған сапа паспорттарын ресімдеуге уағдаласты.
Одан әрі өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге шығарылған. 2019-2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған, – деді ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Қайырлы Ахмет.
Қылмыстық іске қатысы барлардың мүлкі тәркіленді
Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді.
Жалпы, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді, – делінген мәліметте.
Мұның алдында Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы Қылмыстық кодекстің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары да болды.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде.