«Әрбір екінші мектеп психологы өзін төмен бағалаған»: Психоаналитик зерттеу нәтижесін ұсынды
Психоаналитик Анна Құдиярованың авторлық әдістемесі қолданылған үш айлық психологиялық қолдау жобасы білім беру саласындағы мамандардың эмоционалдық жағдайына қатысты маңызды мәселелерді анықтады. Жобаға 3049 адам қатысқан. Ал өзін-өзі бағалау жаттығуының нәтижесін жариялаған 98 адамның 43-і өзін төмен бағалаған. Бұл көрсеткіш мамандардың психологиялық әл-ауқатына жүйелі түрде назар аудару қажеттігін көрсетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
3049 қатысушы: психологиялық жоба қандай нәтиже көрсетті
Үш ай бойы жүзеге асырылған практикалық жоба білім беру саласы мамандарының психологиялық қажеттіліктерін анықтауға, психологиялық сауаттылығын арттыруға және кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған. Жобаға мектеп психологтары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және колледж студенттері қатысқан. Үш ай ішінде барлығы 3049 адам қамтылған. Оның 1223-і офлайн, 1826-сы онлайн форматтағы іс-шараларға қатысқан.
Өзін-өз бағалау жаттығуына қатысқан 680 қатысушының тек 98-і өз нәтижесін ерікті түрде жариялаған. Қалған 582 адам, яғни 85,6 пайызы нәтижесін көрсетпеген.
Өз көрсеткішін жариялаған 98 адамның нәтижесі төмендегідей:
- 31 адам өзін 1 балға;
- 12 адам – 2 балға;
- 16 адам – 3 балға;
- 15 адам – 4 балға;
- 24 адам – 5 балға бағалаған
Осылайша, нәтижесін жариялаған 98 қатысушының 43-і, яғни 43,9 пайызы өзін 1–2 балға бағалаған.
Бұл – өз нәтижесін көрсетуге келіскен адамдардың арасында әрбір екінші адамға жуығы өзін төмен бағалағанын білдіреді.
«Бұл көрсеткішті жобаға қатысқан барлық маманға қатысты жалпылауға болмайды. Өйткені 582 қатысушының өзін-өзі бағалау нәтижесі белгісіз. Соған қарамастан, алынған мәліметтер білім беру саласындағы мамандардың психологиялық әл-ауқатына, өзін-өзі бағалауына және кәсіби тұрақтылығына қосымша назар аудару қажеттігін көрсетеді», – дейді психоаналитик Анна Құдиярова.
Неліктен мектеп психологтары эмоционалдық қажуға ұшырайды
Жоба барысында өткізілген психологиялық кеңестер, тренингтер мен супервизиялық кездесулерде кейбір мамандардың эмоциялық жағдайына қатысты бірқатар ерекшелік байқалған. Атап айтқанда, қатысушылардың бір бөлігінде созылмалы эмоционалдық қажу, өзін шамадан тыс сынау, кәсіби жетістіктеріне қарай өзін бағалау, психологиялық әл-ауқаттың төмендеуі және кәсіби күйіп кетудің жекелеген белгілері анықталған. Сонымен қатар, кейбір мамандар өз сезімдері мен ішкі күйзелістері туралы ашық айтуға қиналған, топтық жұмыс барысында белсенділік танытуға құлықсыз болған.
Жоба қорытындысында бұл мәселелер тек адамның өзін-өзі бағалау деңгейімен шектелмейтіні атап өтілген.
«Білім беру саласындағы мамандар күнделікті жұмысында елеулі эмоционалдық жүктемеге тап болады. Олар оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға, дағдарыс жағдайындағы балаларға көмектесуге, ата-аналармен жұмыс істеуге, түрлі жанжалдарды шешуге және мінез-құлқында қиындықтары бар оқушыларды қолдауға міндетті. Мұндай жауапкершілік маманнан тұрақты эмоциялық күш-жігерді талап етеді», – дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының түсіндіруінше, кәсіби күйіп кету – жұмыс орнындағы созылмалы күйзелістің тиімді басқарылмауы салдарынан туындайтын құбылыс. Ол адамның күш-қуатының сарқылуымен, жұмысына психологиялық тұрғыдан алшақтауымен және кәсіби тиімділігінің төмендеуімен сипатталады.
«Жоба нәтижесінде назар аудартқан тағы бір жайт – қатысушылардың өз психологиялық жағдайы туралы ашық айтуға дайын болмауы. Диагностикалық тренингке қатысқан 680 адамның 582-сі өз нәтижесін жарияламады. Мұны олардың өзін төмен бағалайтынының дәлелі ретінде қарастыруға болмайды. Адам нәтижесін жеке сақтауды қалауы немесе оны өзгелермен бөлісуге дайын болмауы мүмкін. Дегенмен бұл жағдай мамандарға психологиялық қолдау көрсету кезінде құпиялылықты, еріктілікті және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етудің маңызын көрсетеді», – дейді ол.
Маманның психологиялық жағдайы оқушыға қалай әсер етуі мүмкін
Үш айлық жобаның қорытындысында білім беру қызметкерлеріне тек қиындық туындаған кезде ғана емес, алдын ала жүйелі психологиялық қолдау көрсету қажеттігі айтылған.
«Мұғалімдер мен мектеп психологтары балалармен және жасөспірімдермен күнделікті тікелей байланыста болады. Олар оқушының эмоциялық жағдайындағы, мінез-құлқындағы және әлеуметтік бейімделуіндегі өзгерістерді алғашқылардың бірі болып байқауы мүмкін., сондықтан маманның өз психологиялық тұрақтылығы оның кәсіби қызметінің сапасына ықпал ететін маңызды ресурстардың бірі саналады», – дейді Анна Құдиярова.
Жоба қорытындысында бірнеше бағыт бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылған.
«Біріншіден, білім беру саласы мамандарының психологиялық әл-ауқатын тұрақты бағалау және эмоционалдық қажу белгілерін ерте анықтау қажет. Екіншіден, мамандардың жеке психологиялық кеңес алуына мүмкіндік беретін құпия әрі қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, мектеп психологтары мен педагогтер үшін супервизияны тұрақты кәсіби қолдау құралы ретінде дамыту ұсынылады. Бұл мамандарға күрделі жағдайларды талқылауға, кәсіби қиындықтарын түсінуге және эмоционалдық жүктемені басқаруға көмектесуі мүмкін», – дейді ол.
Жоба авторлары бағдарламаның тиімділігін бағалау үшін бастапқы және қорытынды диагностиканы жүргізуді, сондай-ақ үш-алты айдан кейін қатысушылардың жағдайын қайта зерделеуді ұсынады. Жобаның негізгі тұжырымы – балалардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін олармен күнделікті жұмыс істейтін мамандардың өзіне де жүйелі қолдау қажет. Мұндай қолдау психологиялық ағарту, жеке кеңес беру, супервизия, кәсіби рефлексия және эмоционалдық қажудың алдын алу шараларын қамтуы тиіс.