Атаулы көмек белгілеу талаптары күшейеді: 2027 жылдан бастап не өзгереді
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда кімдерге атаулы әлеуметтік көмек берілмейді
Қазақстанда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа талаптары күшіне енеді. Енді өтініш берген отбасының табысымен қатар баспанасы, көлігі, депозиті, алған несиесі және банк шоттарындағы шығыны да ескеріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. 2026 жылғы 19 қазанда қабылданған №931 құжатта көмектің мөлшері, оны беру шарттары және отбасы АӘК-ке мұқтаж емес деген қорытынды шығаруға негіз болатын өлшемдер белгіленген.
АӘК қалай есептеледі және кімдерге беріледі
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өңірдегі кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының айырмасы арқылы есептеледі. Отбасына берілетін АӘК = (кедейлік шегі − жан басына шаққандағы орташа табыс) × отбасы мүшелерінің саны.
Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының есепке алынатын айлық табысы 100 мың теңге болса, әр адамға 25 мың теңгеден келеді. Егер өңірдегі кедейлік шегі шартты түрде 40 мың теңге деп алынса, айырмасы – 15 мың теңге. Бұл жағдайда отбасының ай сайынғы көмегі 60 мың теңге болады.
Бұл – есептеу жолын түсіндіретін мысал. Нақты төлем отбасының есепке алынатын табысына және өңірде белгіленген кедейлік шегіне байланысты анықталады. Кедейлік шегін жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын есептейді. Оны айқындауда халықтың медианалық табысы мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері ескеріледі.
Көмек алу үшін өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері деректерін тексеруге келісім беруі керек. Бұл жеке мәліметтерді, банк құпиясына жататын ақпаратты және кредиттік бюродағы деректерді қамтиды. Соның ішінде шоттар, жинақтар, несие бойынша ай сайынғы төлемдер, мерзімі өткен берешек пен қарыз қалдығы тексеріледі. Келісім берілмесе, АӘК тағайындалмайды. Атаулы әлеуметтік көмек екі түрде беріледі: шартсыз және шартты ақшалай көмек.
Шартсыз көмек жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетінсіз тағайындалады. Оны жалғыз тұратын, табысы төмен зейнеткерлер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыз болған азаматтар ала алады.
Бұл көмек еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасыларға да қарастырылған. Отбасындағы жалғыз еңбекке қабілетті адам үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға не күтімді қажет ететін қартқа қарайтын жағдайда да шартсыз көмек беріледі.
Шартты көмек еңбекке қабілетті мүшелері бар, табысы төмен отбасыларға арналған. Оны алу үшін әлеуметтік келісімшарт жасалып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысу көзделеді. Алайда бұл міндет бәріне бірдей жүктелмейді. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлім студенттері, екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыз болғандар және тұрақты жұмысы бар азаматтар жұмыспен қамту шараларына міндетті қатысудан босатылады. Үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға немесе 80 жастан асқан қартқа күтім жасайтын ата-ананың біріне де осындай ерекшелік қарастырылған.
Қандай мүлік, несие және шығын АӘК алуға кедергі болады
Жаңа талаптар бойынша отбасының табысы төмен болуы көмек тағайындауға жалғыз негіз болмайды. Учаскелік комиссия оның мүлкі мен қаржылық жағдайын да бағалайды.
Мына жағдайлардың кемінде бірі анықталса, комиссия отбасы АӘК-ке мұқтаж емес деген қорытынды шығара алады:
- Бірден көп баспанасының болуы немесе соңғы бес жылда артық баспанасын сатуы. Алайда барлық тұрғын үйдің жиынтық ауданы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аз болса немесе баспана апатты деп танылса, ерекшелік қолданылады.
- Табыс табу үшін пайдаланылатын коммерциялық үй-жайының болуы.
- Дайын баспанасы бола тұра, жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімінің болуы. Әкімдік тегін берген жер телімі бұл өлшемге кірмейді.
- Жарамды күйдегі бірден көп жеңіл автокөлігінің болуы. Көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адам не мүгедектігі бар бала тұратын отбасыларға екі көлікке дейін иеленуге рұқсат етіледі.
- Жарамды күйдегі жүк көлігі, автобус, шағын автобус, ауыл шаруашылығы техникасы, арнайы техника, су немесе әуе көлігінің болуы.
Қаржылық жағдайды бағалағанда өтініш берер алдындағы тоқсандағы шығындар мен алынған қарыздар да ескеріледі.
Банк карталары мен шоттарынан жұмсалған қаражаттың орташа айлық мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен асып кетсе, бұл көмек бермеуге негіз болуы мүмкін. Есепке салықтар, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және отбасы мүшелерінің шоттары арасындағы аударымдар қосылмайды.
Алдыңғы тоқсанда алынған банктік қарыз немесе микрокредит сомасы айына отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен асса, ол да ескеріледі. Ипотекалық қарызға бұл талап қолданылмайды.
Тағы бір өлшем – отбасының банк салымдарының 200 айлық есептік көрсеткіштен асуы. Тұрғын үй құрылыс жинақтары бұл есепке кірмейді. Шек АЕК-пен белгіленгендіктен, оның теңгедегі мөлшері тиісті жылдағы көрсеткішке байланысты болады.
Аталған өлшемдер атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты бағалауға арналған. Учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде АӘК тағайындау туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.