$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

«Қатты өкінеді»: Аманжол Әлтай Мақсат Аханов жайлы пікір білдірді

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, экс-депутат Аманжол Әлтай Шайыр ауылындағы айтыста ақын Мақсат Ақановқа қатысты болған келеңсіз жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Tizgin.kz тілшісі Аманжол Әлтайдан жақында қоғамда талқыға түскен айтыстағы оқиғаға қатысты пікірін сұрады.

«Кейбір ақынның айтысқа барып, аузына келгенін айтқаны туралы шу шығып жатыр. Бұл қалай?» – деп сұрады тілші.

Аманжол Әлтайдың айтуынша, сөз болып отырған жағдай Шайыр ауылында өткен шарада болған. Аталған айтыстың Айтыс ақындары Одағына қатысы болмаған.

«Бір ғана оқиға орын алған. Бұл Шайыр ауылында болған. Айтыс ақындары бекітілген тізімде жоқ. Айтыс ақындары Одағының ол айтысқа қатысы жоқ. Қазір ас берсе де ақындарды шақыра береді ғой. Бұл ауылдық деңгейде болған шара», – деді ол.

«Мақсат болған жағдайға қатты өкінеді»

Ол өзі осы оқиғадан кейін Мақсат Ақановпен сөйлесіп, мән-жайын егжей-тегжейлі талқылағанын айтты.

«Мақсат Ақановпен сөйлесіп, әңгімелесіп, мән-жайдың бәрін егжей-тегжейлі зерттедік. Мақсат қазіргі таңда болған жағдайға қатты өкінеді. Алдағы уақытта ондай қайталанбайтынына уәде берді. Мақсаттың өзі қазір айтыс ақындарының ішінде ең бір әлеуетті, ең бір талантты, елдің сүйіспеншілігіне бөленген ақын ғой. Келеңсіз жағдай орын алып қалды. Бірақ алдағы уақытта бұл қайталанбайды деп уәдесін берді», – деді Аманжол Әлтай.

Ауылдағы айтыстар бақылауға алынады

Аманжол Әлтай осы оқиғадан кейін ас-жиындар мен ауылдық деңгейдегі шараларда ұйымдастырылатын айтыстар қадағалануы қажет екенін айтты.

«Алдағы уақытта осындай ас-жиындардағы айтыстың өзін қалай болса солай ұйымдастырып, өткізе беруді қадағалайтын боламыз. Бір жүйеде қадағаламасақ, өздеріңіз де байқағандай, осындай оқиғалар орын алуы мүмкін. Біздің Айтыс ақындары Одағының басшылығымен өткен айтыстарда мұндай жағдай болған жоқ. Өйткені ақындардың сахналық мәдениеті, халықты сыйлауы, ел алдындағы жауапкершілігі турасында жұмыс жүргізіліп, қадағаланады. Алдағы уақытта ауылда өтетін ұсақ шаралардың өзін қадағалау керек шығар деп ойлаймын», – деді ол.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button