Қандас мәртебесін алғысы келетіндер ҚАЗТЕСТ жайлы нені білуі керек
60 тапсырма, 70 минут: қандастарға арналған ҚАЗТЕСТ қалай өтеді
Қандас мәртебесін алып, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуді жоспарлағандар үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру – негізгі талаптардың бірі. Қатысушылар онлайн форматта 60 тапсырма орындайды. Тестке тегін дайындалуға, ал қажетті нәтиже жинай алмаған жағдайда қайта тапсыруға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тест қалай өтеді, қандай тапсырмалар беріледі
ҚАЗТЕСТ адамның мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қаншалықты түсініп, қолдана алатынын анықтауға бағытталған. Тапсырмалар қазақ тілін терең меңгеруді талап етпейді: сұрақтар күнделікті қарым-қатынаста кездесетін жағдайларға негізделген. Тестілеу тыңдалым және оқылым бөлімдерінен тұрады. Тыңдалымда қатысушының қазақша айтылған сөзді түсінуі, ал оқылымда жазбаша ақпаратты қабылдауы бағаланады. Екі бөлім бойынша барлығы 60 тапсырма беріледі. Оларды орындауға 1 сағат 10 минут бөлінеді.
Тест онлайн форматта, прокторинг жүйесінің бақылауымен өтеді. Сондықтан қатысушы алдын ала камерасы мен микрофонының жұмысын тексеріп, интернет байланысының тұрақты екеніне көз жеткізуі қажет. Тест нәтижесі үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Тегін дайындық және қайта тапсыру мүмкіндігі
Тест форматын алдын ала біліп, дайындалғысы келетіндер бейімдеу және интеграция орталықтарына жүгіне алады. Мұнда тегін дайындық қарастырылған: қатысушылар кеңес алып, тест құрылымымен танысып, жаттығу тапсырмаларын орындай алады. Қажетті нәтиже көрсете алмағандарға қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде тестті екі ретке дейін қайта тапсыруға болады.
ҚАЗТЕСТ – көші-қон әлеуетін критериалды бағалаудың жалпы рәсіміндегі кезеңдердің бірі. Оның мақсаты – адамның Қазақстандағы ортаға бейімделуіне қажетті тілдік дағдыларын, қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын анықтау.
Тестілеу тәртібі туралы қосымша ақпаратты Testcenter.kz және migration.enbek.gov.kz ресми ресурстарынан алуға болады.