Президент туралы жаңа заң жобасы ұсынылды: құжатта не жазылған
Құжатта вице-президент институтын енгізу көзделген. Жаңа заң қолданыстағы 1995 жылғы заңның орнына қабылданып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіруі тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚҰЖАТ МАЗМҰНЫ ҚАНДАЙ
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» жаңа конституциялық заң жобасын таныстырды. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – вице-президент институтын енгізу. Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңа құжат 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияға сәйкес заңнаманы жаңартуға бағытталған. Сәрсембаевтың айтуынша, жаңа конституциялық модель «адам, қоғам және мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа форматын» қалыптастырады.
Заң жобасы сегіз бөлім мен 43 баптан тұрады. Құжатта президенттің мәртебесі, өкілеттік мерзімі, мемлекеттік институттармен өзара байланысы және жоғарғы биліктің жұмыс тетіктері жүйеленген.
МИНИСТР МӘЛІМЕТІ
Министрдің сөзінше, 2022 жылғы реформалардан кейін енгізілген негізгі шектеулер сақталады.
«Суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартуға бағытталған тұжырымдамалық нормалар өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, президенттің бір реттік жеті жылдық өкілет мерзімі, мемлекет басшысының жақын туыстарына қойылатын шектеулер және президенттің партия мүшесі болмауы секілді талаптар сақталады», – деді Сәрсембаев.
Құжаттың жеке бір бөлімі президенттің құрылтаймен, үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара жұмысқа арналған.
«Президентке адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау және оның жыл сайынғы есебін тыңдау құқығы беріледі. Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді», – деді министр.
ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ИНСТИТУТЫ
Заң жобасындағы ең басты жаңашылдық — вице-президент институтының енгізілуі болды. Сәрсембаевтың айтуынша, бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жоғарғы билік органдары жұмысының үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, вице-президент президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік органдармен өзара байланыс кезінде оның атынан өкілдік ете алады. Ал оның нақты өкілеттіктері мемлекет басшысының жеке актілері арқылы реттеледі.