Жаңалықтар

Перизат Қайраттың көлігі Астанадағы полиция департаментіне берілді

Айыпталушының Haval H6 GT маркалы тағы бір көлігі тәртіп сақшыларының балансына берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

КӨЛІК КІМГЕ БҰЙЫРДЫ

Астанадағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәліметінше, 2026 жылғы 7 сәуірдегі №435907 өтінімдерді қарау қорытындысы негізінде өткен сауда нәтижесінде Астана қалалық полиция департаменті жеңімпаз болып танылды. Алдағы уақытта тиісті бұйрыққа сәйкес, көлік қабылдау-тапсыру актісі арқылы жеңімпаздың балансына өткізілмек.

Сонымен қатар құқық қорғау органдарына сотталғанның Haval H6 GT автокөлігі де берілген.

LEXUS КӨЛІГІ ҚМА БАЛАНСЫНА БЕРІЛДІ

BES.media тілшісінің сауалына жауап берген департамент өкілдері Перизат Қайратқа тиесілі өзге де тәркіленген активтер тағдырына тоқталды. Атап айтқанда, мүлік қатарында:

  • Mercedes-Benz EQE 500 4Matic (2023 ж.),
  • Haval H6 GT (2024 ж.),
  • Lexus LX600 автокөліктері,
  • Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары бар.

Алайда ведомствоға тек автокөліктер түскені белгілі болды. Lexus LX 600 көлігі Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі балансына берілген.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жүргізген бағалау нәтижесіне сәйкес, Lexus LX 600 көлігінің құны – 79 121 985 теңге, Haval H6 GT – 11 939 000 теңге, ал Mercedes-Benz S450 – 79 415 000 теңге деп белгіленген.

МӘН-ЖАЙЫ

Айта кетейік, 7 сәуір күні электрондық сауда алаңында Mercedes-Benz S450 автокөлігін сату бойынша аукцион өткен. Саудаға екі өтінім түскен. Лот сипаттамасында көліктің мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына берілетіні көрсетілген.

Сондай-ақ сипаттамада автокөліктің Pandora дабыл жүйесі бар кілті болғанымен, аккумуляторының қуаты таусылып, техникалық жағдайын тексеру мүмкін болмағаны айтылған. Көліктің мемлекеттік нөмірі – 777KPK01. Сарапшылар оның жалпы жағдайын «жақсы» деп, нарықтық құнын 79,4 млн теңгеге бағалаған.

Back to top button