Несиені шегеру, грант: әскерге баратын жастарға қандай жеңілдіктер бар
Көктемде Қазақстан Қарулы күштері мен басқа да әскери құралымдарға 21 мыңнан астам азамат шақырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ӘСКЕРГЕ ҚАЛАЙ ШАҚЫРАДЫ
Отан алдындағы борышын өтеуге – 18-27 жас аралығындағы жігіттер шақырылады. Ал олардың 11 мыңнан астамы Қарулы күштер қатарында мерзімді әскери қызметін өтесе, 7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға тарта жас – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге жуығы – Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберілді. Тағы 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтейді.
Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар SMS-хабарлама мен eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату жағы автоматты түрде іске асырылды.
Шақыру науқаны барысында Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен тізе қосып, азаматтарды әскерге шақыру мәселелері бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық-түсіндіру кездесулері барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары өздерін қызықтырған барлық сұраққа жауап алды, – делінген ақпаратта.
ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫП ОТЫР
Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етіп, олардың тиімді қызметі үшін қажетті жағдай жасады.
Қазір Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік береді. Әскери қызмет кезінде қаржы ұйымдары мен банктер алдында міндеттемелері барларға несиелік демалыс беріледі. Ал борышын өтеген соң жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендерге жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсу мүмкіндігі бар. Қалғандары ҰБТ тапсырмаса да, ақылы бөлімге қабылдану мүмкіндігін иеленеді.