Отандық өндіріс қазақ ғылымына жатырқай қарайтын кезең аяқталған сияқты. Бұған дейін ғалымдардың зертханасында жасалған жаңалықтардың басым бөлігі ғылыми мақала мен патент деңгейінде қалып қойғанын көп еститінбіз, көретінбіз. Қымыз бен шұбаттан алынған пробиотиктері бар «НӘР» йогурты, ауыл шаруашылығына арналған «БиоЛип» биопрепараты, Балқашта қазақстандық технологиямен өндірілген 99,5 пайыз таза селен сол жағымсыз тенденциядан отандық ғылым арыла бастағанын көрсетті. Бұл жобалардың артында отандық зерттеушілердің бірнеше жылдық еңбегі мен мемлекеттік гранттар тұр. Tizgin.kz енді олардың экономикаға қандай пайда әкелгеніне назар аударады.
Зертханадан дүкен сөресіне жеткен «НӘР»
«НӘР» пробиотикалық сусынын медицина ғылымдарының докторы Алмагүл Көшұғұлова бастаған Назарбаев университетінің ғалымдары әзірлеген. Өнімнің ерекшелігі – құрамында қымыз, шұбат және айраннан алынған пайдалы бактериялардың болуы. Сусынның бір порциясында бір триллионға дейін пайдалы тірі бактерия бар.
Ғалымдар «Агрофирма Родина» кәсіпорнымен зияткерлік меншікті пайдалану жөнінде келісім жасасқан. Шарт бойынша зерттеушілер өнім сатылымынан 10 пайыз роялти алады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021 жылғы хабарламасында сол кездегі сатылым көлемі 120 миллион теңгеден асқаны көрсетілген.
Жабысқақ қорғаушы
Ақмола облысында жүзеге асырылған «БиоЛип» жобасы зиянкестерге қарсы күрес пен тыңайтқыштардың тиімділігін арттыруға арналған. Оны коммерцияландыру ісін «EcoSave» компаниясы қолға алған. Биопрепарат агрохимикаттардың өсімдік жапырағына жылбысқадай жабысып, зиянкестерде қорғайды. Бұған дейін мұндай жабысқақ заттардың басым бөлігі шетелден әкелінетін.
Ғылым қорының мәліметінше, өнімге Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден тапсырыстар түсіп, орындалған. Жобаның сатылымнан түскен табысы 1,7 миллиард теңгеден асқан.
Күннен қуат алатын селен
Отандық ғылымның металлургия саласындағы нәтижелерінің аса таза техникалық селен өндіру технологиясы. Оны Satbayev University-дегі Металлургия және кен байыту институтының ғалымдары профессор Бағдәулет Кенжалиевтің жетекшілігімен әзірлеген. Технология 2023 жылы «Қазақмыс Прогресс» кәсіпорнында өндірістік деңгейде іске қосылды.
2025 жылғы қаңтарда осы технологиямен өндірілген СТ-1 маркалы селеннің алғашқы 100 тонналық партиясы жөнелтілді. Өнімдегі негізгі компоненттің мөлшері 99,5 пайыздан кем емес. Вакуумдық дистилляция әдісі қымбат химиялық реагенттерді пайдаланбай, металды жоғары деңгейде тазартуға мүмкіндік береді. Жаңа технологияның арқасында селеннің қосылған құны әлемдік нарық бағасының 30 пайызынан 97 пайызына дейін өскен. Таза селен күн батареяларын, электроника, шыны, керамика және химия өнеркәсібінде қолданылады.
Қазақстан ғылымының ендігі міндеті – ғылыми өнімдердің экспорттық нарығын кеңейту. Сонда ғылымға бөлінген қаржы ғылыми мекемелердің есебінде ғана емес, жаңа өндіріс орындары, жұмыс орындары, отандық өнімдер мен экспорттық табыс түрінде де көрінеді.
Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің президиум мүшесі Әмірхан Темірбаев мемлекеттің ғылымды дамыту саясаты өзгергендіктен зертетушілерге де жұмыс тәсілін қайа қарау керектігін айтады.

“Біз ғылымды тұтас инновациялық жүйенің бір бөлігі ретінде қарастыратын кезеңге жеттік. Мемлекет ғалымдардан енді тек ғылыми жарияланымдарды емес, зерттеу нәтижелерінің технология түрінде нарыққа шығуын да күтеді, – дейі сарапшы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2025 жылы Қазақстанның ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсаған ішкі шығындары 261,5 миллиард теңгеге жеткен. Соңғы жеті жылда бұл көрсеткіш 3,2 есе өскен. Грант арқылы қаржыландыру көлемі 90,2 миллиард теңге болған.
Ғылым комитетінің Коммерцияландыру және инновациялар басқармасының өкілі Дос Тұрғанбаев жариялаған мәлімет бойынша, дербес министрлік құрылғаннан бері ғылыми жобаларды коммерцияландыруға арналған төрт конкурс өткізіліп, оған 57 миллиард теңге бөлінген.

Қолдау алған 148 жоба нарыққа шығып, 24 миллиард теңгенің өнімін сатқан. Оның ішінде 29 жоба экспортқа шығып, 1,5 миллиард теңгенің өнімін шетелге жөнелткен. Жеке сектордан тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асқан.