$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Экономика

Мұнай қымбаттаса ел бюджетіне қосымша кіріс түседі – Әмрин

Мұнайдың қазіргі жоғары бағасы сақталса, Қазақстан бюджетіне жоспардан тыс қосымша кіріс түсуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Неге 70 доллар?

Әмриннің айтуынша, мұнай бағасы бюджетте белгіленген 70 доллардан жоғары болса, айырмасы мемлекет кірісінің артуына ықпал етеді.

«Егер баға осы деңгейде сақталса, бұл қосымша түсім болады. Өйткені біз барреліне 70 долларды негізге алып отырмыз. Егер баға одан жоғары болса, бюджетке қосымша қаражат түседі», – деді ол.

Әмрин келтірген мәлімет бойынша, JPMorgan келесі кезеңде мұнайдың бір баррелін 65 доллар деп болжаса, АҚШ Энергетика министрлігінің болжамы 70 доллардан төмен. Дүниежүзілік банк барреліне 73,4 доллар болады деп күтеді.

Сондықтан мұнайдың қазіргі жоғары бағасына қарамастан, Үкімет 2027 жылғы бюджеттің базалық сценарийіндегі 70 долларлық көрсеткішті әзірге өзгертпейді.

Мұнай қымбаттаса не болады

Бірінші вице-министр мұнай нарығындағы бағаның құбылмалылығы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, 2026 жылы мұнай бағасы барреліне 54–63 доллар деңгейінен 123 долларға дейін өзгерген.

«Бүгінде баға шамамен 105 доллар, бірақ ертең төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан кірістер бойынша түпкілікті баға жыл қорытындысымен беріледі», – деді Әмрин.

Құрылтай депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Татьяна Савельева мұнай бағасының 120 долларға дейін өсу сценарийіне де тоқталды.

Оның айтуынша, мұндай сценарийді қарастырғанда геосаяси жағдаймен қатар Қытай тарапынан мұнайға сұранысты да ескеру қажет.

Бұған дейін Әмрин елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды, сондай-ақ ел үшін маңызды жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027-2029 жылдары жалпы 5 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу көзделгенін айтқан еді.

Back to top button