TOP-2Білім

Мектеп түлектерінің ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салынды

Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіретін түлектердің ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқу-ағарту және ішкі істер министрліктері мектептердегі бітіру кештерін өткізу тәртібін нақтылады. Бұл бағытта бірлескен бұйрық қабылданбақ. Негізгі мақсат – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Жаңа ережелерге сәйкес, аттестат табыстау рәсімі тек мектеп ғимаратында өтеді. Мектептен тыс жерде бітіру кешін өткізуге, ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынып отыр.

«Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді», – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктерге қосымша қаржы талап етпейтін тәрбиелік және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бақылап, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Яғни, биылғы бітіру кештері бұрынғыдай ресторан, банкет форматында емес – мектеп қабырғасында, қарапайым әрі қауіпсіз форматта өтеді.

Back to top button