Маңғыстаудағы әскери қызметшілер қазасы: Бозымбаев оқиға орнына аттанды

Маңғыстау облысында әскери жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен құрылған комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады, деп хабарлайды Tizgin.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия құрамына бірнеше ведомствоның басшылары кірді
Үкіметтік комиссияға қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы енді.
Сондай-ақ комиссия құрамында Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері бар.
Оқиғаның себептері жан-жақты тексеріледі
Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа төтенше жағдай болған жерге дереу аттанып, жұмысқа кірісуді тапсырды.
Комиссия әскери қызметшілердің қаза болуына әкелген жағдайдың себептерін жан-жақты тексеруге тиіс. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шаралары қолға алынады.