$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Каспийдегі трагедиядан соң желіде жалған ақпараттар көбейіп кетті

Каспийде әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысы жоқ ескі видеолар, жасанды интеллект көмегімен әзірленген материалдар мен расталмаған болжамдар тараған. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының осындай хабарламаларға талдау жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Орталықтың мәліметінше, өзара үйлестірілген әрекет белгілері бар жарияланымдар, соның ішінде анонимді аккаунттар таратқан хабарламалар әлі де тіркеліп жатыр. Әсіресе, жаңадан ашылған парақшалардың белсенділігі байқалады. Олар трагедияға қатысты талқылауларға бірден араласып, қауесет таратады және болжамдарды дәлелденген дерек ретінде ұсынады.

Орталық қандай мәліметтерді жоққа шығарды

Әлеуметтік желілерде тараған қауесеттердің бірі – қаза тапқандардың нақты саны жасырылып отыр деген мәлімдеме. Орталық ресми мәліметтер іздестіру жұмыстары барысында нақтыланып отырғанын түсіндірді. Жарияланған қорытынды дерек бойынша, 14 әскери қызметші қаза тапқан.

Тағы бір нұсқада әскерилердің тікұшақтан десант ретінде түсірілгені айтылған. Алайда орталық тергеудің жарияланған деректеріне сүйеніп, әскери қызметшілердің тапсырманы катерді пайдалана отырып орындағанын хабарлады. Оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғанын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және жауапты тұлғалардың әрекеттерін тергеу анықтап жатыр. Орталық тікелей командирдің мас болғаны туралы мәлімдемені де жоққа шығарды. Дереккөздің мәліметінше, сөз болып отырған командир қарамағындағы әскери қызметшілермен бірге қаза тапқан. Оның алкогольдік мас күйде болғанын айтуға ешқандай негіз жоқ.

Бейнежазбалар да жалған ақпарат тарату үшін пайдаланылған. Атап айтқанда, қайтыс болған адамды көңілді музыкамен тасымалдаған ескі видеоны қаза тапқан әскери қызметшінің денесін жеткізу сәті деп таратқан. Орталық келтірген талдау нәтижесіне сәйкес, бұл жазба интернетте тамыз айында, яғни трагедиядан бұрын пайда болған.

Желі қолданушыларының наразылығын туғызған тағы бір қойылымдық ролик Каспий жағалауында аза тұту күндері түсірілген видео ретінде тараған. Орталықтың хабарлауынша, бейнежазба Марокконың Танжер қаласында түсірілген. Автор Қазақстандағы оқиғадан хабарсыз болғанын, ал видео қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары арасында кездейсоқ таралып кеткенін айтқан.

Тергеу туралы не белгілі

Орталық мемлекеттің «ешқандай тергеу жүргізбей жатқаны» туралы мәлімдеменің де шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.

Мәліметке сәйкес, іздестіру-құтқару жұмыстары қаза тапқан соңғы әскери қызметшінің денесі табылғанға дейін жалғасқан. Мемлекет басшысының тапсырмасымен трагедияның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылған. Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Бұдан бөлек, Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеретін жеке комиссия құрылды. Оған жеті күн ішінде әскери бөлімшелердегі жұмыстың ұйымдастырылуын, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін бағалау тапсырылған.

Орталықтың мәліметінше, құқық қорғау органдары Маңғыстаудағы оқиға туралы жалған ақпарат таратқан бірқатар адамды анықтап, жауапқа тартқан. Хабарламада бұл жағдайларға қатысты қосымша мәлімет берілмеген.

Орталық тексерілмеген хабарламаларды тарату трагедия төңірегіндегі ақпараттық манипуляцияларды күшейтіп, қаза тапқандардың отбасыларына қосымша ауыртпалық түсіретінін ескеруге шақырды.

Back to top button