Маңғыстауда қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек жинау аяқталды
Арнайы қорға қаражат жинау ресми түрде аяқталды

Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған қорға қаражат жинау аяқталды. Жиналған қаржы жақын арада әділетті әрі біркелкі бөлінеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігі хабарлады.
Қаражат жинау ресми түрде аяқталды
Арнайы қордың қызметін бақылау жөніндегі комиссияға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов жетекшілік етеді.
Оның мәлімдеуінше, қорға қаражат Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің, Құрылтай депутаттарының, саяси партиялардың, кәсіпкерлердің, демеушілердің және жанашыр азаматтардың қолдауымен жиналған. Осыған байланысты қаражат жинау ресми түрде тоқтатылды.
Қаражаттың бөлінуін арнайы комиссия бақылайды
Бекмұрат Жүсіпов жиналған қаржы қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендерге әділетті әрі біркелкі бөлінетінін айтты. Қаражаттың ашық бөлінуін комиссия құрамына енген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қадағалайды.
Комиссия басшысы атқарылып жатқан жұмыстың барысы туралы жұртшылыққа тұрақты түрде ақпарат беріп отыратынын жеткізді. Оның айтуынша, қаржылай көмек қазаның орнын толтыра алмайды, алайда ауыр жағдайға тап болған отбасыларды қолдау – ортақ міндет.