Мәжілісмен мәслихат депутаттарын онлайн түрде “жұмыстан шығаруды” ұсынды
Мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу ұзаққа созылады
Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу рәсімін онлайн форматқа көшіруді ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қолданыстағы Конституциялық сайлау туралы заңда мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу тетігі қарастырылған. Алайда қазіргі тәртіп бойынша сайлаушылардың кемінде 10%-ының қолын жинап, оны қағаз түрінде рәсімдеу қажет. Бұл өз кезегінде ұйымдастыру және қолтаңбалардың дұрыстығын тексеру тұрғысынан қиындықтар туғызады.
Олжас Нұралдиновтың айтуынша, қолтаңбаларды қағаз жүзінде жинау ұзақ уақыт алады әрі олардың шынайылығына қатысты күмән туындауы мүмкін. Осыған байланысты депутат елдегі цифрландыру үдерісін ескере отырып, аталған рәсімді электронды форматқа көшіру жоспарланып отырған-отырмағанын сұрады.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов қазіргі заңнамада бұл процесті цифрландыру қарастырылмағанын айттты. Ол мұндай бастаманы жүзеге асырмас бұрын ықтимал тәуекелдерді мұқият зерделеу қажет екенін атап өтті.
«Біріншіден, цифрлық шешімдерді қолдану кезінде бірқатар жайттарды ескеру маңызды. Атап айтқанда, халықтың технологиялық дайындығы мен интернет байланысына қолжетімділігі, әсіресе шалғай елді мекендерде. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор, өйткені қол қойған азаматтардың деректері бар қол қою парақтары ашық қолжетімділікке түсіп кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта осы шарттардың барлығы қамтамасыз етілген жағдайда, біз бұл мәселені қарастыруға дайынбыз», – деді Шавкат Өтемисов.
Шавкат Өтемісов қазіргі таңда Орталық сайлау комиссиясы осы бағыттағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын және барлық қажетті жағдай жасалған жағдайда бұл мәселені қарастыруға дайын екенін айттыі.
Ал Ростислав Коняшкин цифрлық форматқа көшу үшін техникалық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай жүйе тек мемлекеттік платформалар арқылы іске асырылып, азаматтарды электрондық цифрлық қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру құралдары арқылы растауды қамтамасыз етуі керек.
Коняшкин халықаралық тәжірибе зерттеліп, бұл тәсілдің тиімділігі дәлелденсе, министрлік әріптестерімен бірге жобаның техникалық тетіктерін жан-жақты пысықтауға дайын екенін мәлімдеді.