28 қазанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу мен докторантураға түсуге жол ашатын емтихандарға өтініш қабылдана бастайды. Талапкерлер 10 қарашаны қоса алғанда Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы тіркеле алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Магистратура: тестілеу мерзімі мен шекті балдар
Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу қараша–желтоқсан айларында өтеді. Талапкер тіркелу кезінде тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Білім беру бағдарламалары тобын, тестілеу тілін және қаласын өтініш қабылдау аяқталғанға дейін өзгертуге болады. Тестілеу күні туралы ақпарат 13 қарашада жеке кабинетте жарияланады.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер электронды форматта үш блоктан тұратын тест тапсырады: шет тілі, оқуға дайындығын анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Оған 3 сағат 55 минут беріледі.
Шекті балл – 75. Оның ішінде шет тілінен кемінде 25, оқуға дайындығын анықтау тестінен кемінде 7 және екі бейіндік пәннің әрқайсысынан кемінде 7 балл жинау қажет.
Бейінді магистратураға түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл – 30, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан кемінде 7 балл жинау міндетті.
Шығармашылық дайындықты талап ететін бағдарламалар бойынша бейінді магистратураға құжаттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 28 қазаннан 10 қарашаға дейін қабылдайды.
Докторантура: құжаттар мен емтихан талаптары
Докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау да 10 қарашаға дейін жалғасады. Алайда онлайн өтініш бермес бұрын талапкер құжаттарын оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсыруы керек.
Талапкерлерден мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін меңгергені туралы сертификат талап етіледі. TOEFL ITP сертификаты бар азаматтар түсу емтиханына дейін ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.
Докторантураға түсу емтиханы желтоқсанда өтеді. Емтихан тапсыратын қала мен білім беру бағдарламалары тобын 10 қарашаға дейін өзгертуге болады. Қосымша тестілеудің орны, күні мен уақыты 13 қарашада, ал түсу емтиханы туралы мәлімет 26 қарашада жеке кабинетте жарияланады.
PhD бағдарламасына түсу емтиханы әңгімелесуден, эссе жазудан және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша сұрақтардан тұрады. Бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламаларына, соның ішінде индустриялық PhD бағдарламаларына түсушілер әңгімелесуден өтіп, бейіндік сұрақтарға жауап береді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін PhD бағдарламасына түсушілер емтиханнан кемінде 75 балл, ал бейіні бойынша докторантураға, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламаларына түсушілер кемінде 50 балл жинауы қажет.