Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасы: Түркия Қазақстанға көңіл айтты

Түркия Ақтау жағалауындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің отбасыларына және Қазақстан халқына көңіл айтты. Тиісті мәлімдемені Түркияның сыртқы істер министрлігі жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түркия СІМ не деді
Түркияның сыртқы саясат ведомствосы Қазақстан әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде адам шығыны болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Ақтау жағалауында Қазақстан әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қаза тапқанына қатты қайғырдық. Қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына және Қазақстан халқына көңіл айтамыз. Алла марқұмдардың алдынан жарылқасын», – делінген мәлімдемеде.
Әзербайжан мен Ресей де көңіл айтты
Бұған дейін Әзербайжан мен Ресей де қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанға көңіл айтып, қолдау білдірген.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.