Жаңалықтар

Жүргізушілер төлейтін айыппұлдардың бірі жеңілдетілді

Биыл ақылы жолмен жүргені үшін төлем жасамағандарға салынатын айыппұл мөлшері – 5 АЕК (21 625 теңге), деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ

Көлік министрлігі ақылы жолдармен жүру ақысын төлеу тәртібін реттейтін ережелерге өзгерістер енгізіліп, тиісті бұйрыққа қол қойылды. Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, егер жүргізуші жеті күнтізбелік күн ішінде жол ақысын төлемесе, сегізінші күні материалдар көлік бақылау органдарына жіберілетін.

Енді бұл талап жеңілдетілді. Егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-күні заңнамада белгіленген тәртіппен көлік бақылау органдарына жолданады, – делінген министрлік ақпаратында.

АЙЫППҰЛ КӨЛЕМІ ҚАНДАЙ

Сонымен қатар, алғаш рет жеке және заңды тұлғаларға қатысты бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-на дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні-ақ көлік бақылау органдарына жіберіледі.

2026 жылы ақылы жол ақысын төлемегені үшін жеке тұлғаларға 5 АЕК (21 625 теңге), ал заңды тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Қол қойылған бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Back to top button