$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Жұманғарин мен депутаттар журналистер сұрақ қойып бітпей жатып брифингтен кетті

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдағы брифингтен журналистің бәрі сұрақ қойып үлгермей тұрып кетіп қалды. Онымен бірге брифингке қатысқан депутаттар Қайрат Айтуғанов пен Гүлназ Атамқұлова да кетіп қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

БАҚ өкілдеріне арналған брифингке сұрақ қою үшін 25 журналист жазылған. Алайда олардың шамамен жартысы ғана кезегіне жеткен.

Брифинг сағат 11:00 шамасында басталып, Құрылтай отырысымен қатар өтті. Журналистер сұрақ қойып жатқанда, үлкен залда екінші заң жобасы қаралған.

Шамамен 40 минуттан кейін Жұманғарин брифингтен кеткен. Ал депутаттар одан сәл бұрын отырыс залына оралған.

Бұған дейін Құрылтайда журналистердің кулуарда жұмыс істеуіне шектеу енгізіліп, оның орнына БАҚ өкілдеріне толыққанды брифинг ұйымдастырылатыны айтылған еді. Сондай-ақ журналистерге тек күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақ қоюға рұқсат етілген.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button