Жетісу облысында үй өртеніп, үш бала көз жұмды

Жетісу облысының Ескелді ауданында тұрғын үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты. Қайғылы оқиға 25 қыркүйек күні таңертең Бақтыбай ауылында болған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өрт 70 шаршы метр аумақты шарпыған
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт төрт пәтерлі барак үлгісіндегі тұрғын үйдің бір пәтерінен шыққан. Құтқару қызметіне хабарлама сағат 07:34-те түскен.
Оқиға орнына Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен бес арнайы техникасы жұмылдырылған. Жалын шамамен 70 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар өртті сағат 08:17-де оқшаулаған. Алайда үйде қалған үш баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Балалардың ең кішісі бір жаста болған
Өрттен бір, алты және сегіз жастағы балалар көз жұмған.
Әлеуметтік желілерде балалардың анасы 13 жастағы баласымен бірге үйден шығып үлгергені туралы ақпарат тарады. Қазір мамандар өрттің шығу себебі мен оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.