TOP-2Сараптама

Жеті бөлмеге сыйған тағдыр: Сәкен Сейфуллиннің мұражайы жайлы не білеміз

100 жыл бұрынғы атмосфера, алтын сағат, айыптау мен азаптауды көрген ғұмыр

Астана көшелерінің бірінде келе жатып “Қалыпты жағдай болып кеткені сондай – кейде өміріміздегі ең құнды нәрселер көзге көрінбейді. Өз еліңде оянасың, ана тіліңде сөйлейсің, таңдау мүмкіндігің бар, бірақ мұның қандай құнмен келгені, осы жолда кімдер өмірін құрбан еткені туралы ойлай бермейсің” деп ойладым. Жол бойында көзіме түскен Сәкен Сейфуллиннің мұражайы мені осындай ойға жетеледі. 

Біз мемлекетіміздің бастауын айтқанда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш Орда қайраткерлерін еске аламыз. Олар алғашқылардың бірі болып халықты еркіндікке, мәдениетке, тілге, білімге деген құқығын ашық айтты. Ең қиын кезеңдердің бірінде олар ұлт идеясын қалыптастырды, бірақ тарих бір ғана бағыттан тұрмайды. Мысалы, Алаш қозғалысына кірмеген, тіпті белгілі бір деңгейде саяси процестің екінші жағында болған Сәкен Сейфуллин – күрделі, әрі көпқырлы тұлға. Ол кеңестік жаңа кезеңде қазақ әдебиетін, тілін, мәдениетін дамытуға белсенді атсалысқан алғашқы қайраткерлердің бірі болды. Күрделі өзгерістер жағдайында ұлттық болмысты, халық рухын сақтауға тырысты.

Алаш қайраткерлері мен Сәкен Сейфуллиннің жолдары әртүрлі болғанмен, бір мақсатқа апарды: қазақ халқы жоғалып кетпей, өз болмысын сақтап қалу. Осы орайда Сіздерді Сәкен Сейфуллиннің мұражайын менімен бірге “аралап”, ХХ ғасырдың атмосферасын сезініп көруді ұсынамын. 7 бөлмеден тұратын бір ғимаратқа тұлғаның тұтастай өмір жолы сыйып кеткен. Гид әр бөлмені аралап, құнды ақпараттармен бөлісті.

20 жасында кітап шығарып, 21 жасында мектеп ашқан

Ақын, жазушы, қоғам қайраткері, саясаткер, педагог Сәкен Сейфуллиннің мұражайы – 1846 жылы көпестің ағаш үйі ретінде салынған. Сол кезеңде көпестің үйі бай мен кедейді теңестіру мақсатында кәмпескеленіп, әкімшілікке қайтарылған. Сол кезде осы ғимарат балабақшаға айналса, 1920 жылы редакция болған. Сәкен Сейфуллин осы жерде жұмыс істеген. 1988 жылы 21 қаңтарда Астана Целиноград болып тұрған кезде Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай болып ашылған.

Мұражайдағы бірінші бөлмеге кіргенде Сізді қазақтың үш бәйтерегі – Ілияс Жансүгірұлы, Сәкен Сейфуллин және Бейімбет Майлиннің мүсіндері “қарсы алады”. Үшеуі де бір жылда (1894 ж) туып, бір жылда (1938 ж) саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. Небары 44 жасында қыршын кеткен тұлғалардың мүсінін көргенде көкейіңде “Мен осы жасымда елім үшін не істей алдым?” деген заңды сұрақ туындады…

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазан күні қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Қарашілік ауылында дүниеге келген. 1912 жылы училищені аяқтағаннан кейін Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Оның небары 20 жасында азған “Өткен күндер” деп аталатын алғашқы кітабының түпнұсқасы аталған мұражайда тұр.

Ол Омбы мұғалімдер семинариясын аяқтағаннан кейін досы Сұлтан Абылаевпен бірге қазіргі Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Ахметтөре ауылына барып ең алғашқы мектебін ашып, өзі алғаш рет мұғалімдік қызмет атқарған.

Домбырашы әкеден, жыр-дастанды жатқа білетін анадан туған

Сәкен Сейфуллиннің әкесі атақты аңшы, құсбегі, домбырашы болса, анасы қазақтың жыр-дастан, ертегілерін жатқа білетін адам болған. Ол үйдің тұңғышы, 7 ағайынды болғанмен, өзінен кейінгі 3 қарындасы, 1 інісі шетінеп кеткен. Мәлік және Мәжит атты екі інісі өзімен бірге өскен. Мұражайдағы бөлмелердің бірінде Сәкен Сейфуллиннің жеке қолданған заттары: бас киімі, қолшатыры, жұмыс сөмкесі, патефоны, жазу машинкасы, ас ішкен табағы, сыйлыққа берілген – салмағы 100 грамм болатын алтын сағаты тұр.

Сондай-ақ, келесі бөлмелердің біріндегі қабырғада жары – Гүлбаһрам, ұлы – Аян үшеуі бейнеленген суреті ілініп тұр.

Ең алғашқы газет, ең алғашқы пьеса, ең алғашқы роман

1916 жылы Патша үкіметі құлағаннан кейін Сәкен Сейфуллин Қарағандыдағы мұғалімдік қызметін тастап, Ақмолаға келіп, саяси істермен айналыса бастаған. 1917 жылы өзінің басшылығымен “Жас қазақ” ұйымы құрылып, “Тіршілік” атты газет шығара бастаған. Осы жылы желтоқсан айында Ақмолада советтік депутат құрылып, өзі президиум мүшесі, халық ағарту комиссары қызметіне тағайындалған. 1918 жылы оның “Бақыт жолында” атты пьесасы сахналанған.

“Тар жол, тайғақ кешу” романының түпнұсқасы да осы мұражайдың төрінен орын алған. Бұл кітап 1927 жылы Қазақстанның астанасы Қызылорда болып тұрған кезде шығарылған. 1936-1940 жылдары дәл осы роман орыс, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Аталған кітапта Алаш Орда өкілдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байиұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты тұлғалар бар. Аталған роман өмірде болған оқиға негізінде жазылған.

Азапты жерден шығудың жалғыз жолы…

1918 жылы 4 маусым күні Патша үкіметі үлкен көтеріліс жасап, соның салдарынан советтік депудат зардап шегіп, абақтыға қамалды. Олардың ішінде Сәкен Сейфуллин де бар. Олар 9 ай бойы Ақмоладағы, Петропавлдағы түрмелерге, Омбыдағы лагерьге айдауға жіберілді.

Ол Омбыдағы лагерьден қар тасушылардың көмегімен қашып шығады. Ол туралы өзі “Шананың үстіне екбетімнен жаттым, менің үстіме ауыр-ауыр қар төседі. Қардың суықтығы өне бойымнан өтіп, денемді мұздатып бара жатыр, бірақ мен шыдадым, себебі осындай азапты жерден шығудың жалғыз жолы осы еді” деп сипаттаған. Ол “Дүйсенбі Әсиев” деген жалған құжат жасатып, бүркеншік атпен Омбы арқылы Бетпақдаланы кесіп өтіп, Әулие атаға (қазіргі Тараз қаласы) жетеді. Ол жақта уездік атқару комиссары (сол кездің әкімі) Сәкен Сейфуллинға жасырынуға көмектескен. Мұның бәрі 1919 жылы болған оқиға, ал 1920 жылы Ақмолада атқарушы комитет құрылып, Ленин оны революциялық комитетке орынбасар етіп тағайындайды.

”Қазақты “қазақ” дейік”

1920 жылдың қыркүйек айында Орынборда бүкіл қазақстандық бірінші құрылтай өтеді. 1922 жылы үшінші құрылтай кезінде ол КазССР-дің төрағасы ретінде сайланды. (Қазіргі уақытпен ол Премьер-Министр ретіндегі лауазым). Сонымен қатар ол “Еңбекші қазақ” газетін басқарған, ол қазіргі “Егемен Қазақстан” газеті.

Сол кезде қазақ ұлты “киргиз казах” деп аталған болатын. 1923  жылы өзінің “Еңбекші қазақ” газетіне “Қазақты “қазақ” дейік, тарихи қатені түзетейік” деген үлкен мақаласын жариялаған. Ал 1925 жылдан бастап кеңседе іс қағаз жүргізу қазақ тілінде болып, “ұлт” деген жерге “қазақ” деп жазылатын болған.

Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин 1923 жылы Оралда ең алғаш болып қазақ тілінде мектеп ашқан.

“Тау ішінде” әні 100 жыл өтсе де трендте

1929 жылы Қазақстанның астанасы Алматыға (сол кездегі – Верный қаласы) көшіп барып, өмірінің соңына дейін сол жақта тұрған. Ол Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінде сабақ берген. Абай Құнанбаев пен Александр  Пушкиннің еңбектеріне қызығып, еліктеп өскен. Аударма ісімен айналысқан. 1936 жылы А.Пушкиннің 3 томдық өлеңдер жинағын қазақ тіліне аударған және кітап етіп шығарған. Мәскеуде Пушкиннің 100 жылдық мерейтойы өткен кезде орыс жазушылары оған “Пушкин медалін” сыйға берген.

Ол Ыбырай Алтынсарин, Ақан сері, Шәкәрімнің еңбектерін жинақтап, кітап ретінде шығарып, жазба әдебиетін қалыптастырған.

1926 жылы Сәкен Сейфуллиннің мұрындық болуымен “Қазақстан жазушылар одағы” ұйымы құрылған. Бұл ұйым әлі күнге дейін Алматы және Астана қалаларында бар екенін білесіздер.

Сәкен Сейфуллиннің “Тау ішінде” әнін қазіргі уақытты аты әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген айтып жүр. Дәл осындай сегіз қырлы, бір сырлы тұлғамыз қыршыннан қиылғанның өзінде осыншама дүниені тындырып кетті.

Жала жабылып, азапталған…

1937 жылы Сәкен Сейфуллин Сталиннің репрессиялық құрбанына айналды. 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні Алматыдағы Карл Маркс көшесінде “халық жауы” деген жала жабылып, абақтыға қамалған. Оған істемеген істері үшін жала жабылды, істемеген істерін мойындату үшін ұрып-соғу, ұйқы бермеу, қорқыту, жақындарына зиян келтіреміз деп қысым жасау, түрінде азаптады. Ауызша естеліктер бойынша, оның тістерін сындырған. “Сәнін берсін Сәкеннің” демекші, мұражайда оның ату жазасына кесілгенге дейін және 1938 жылы түрмеде түсірілген суретін көрсеңіз – тұла бойыңыз шымырлайды. 1 жыл ішінде қарасаң көз тоймайтын зиялы, кербез тұлғамыз адам танымастай өзгеріп кеткен.

Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін басталған «жылымық» кезеңінде көптеген жазықсыз құрбандар қайта қаралып, ақтала бастады. 1957 жылы Сәкен Сейфуллин де кінәсіз деп танылып, есімі толық қалпына келтірілді. Бұл ақталу – тек заңдық шешім ғана емес, оның әдеби мұрасы мен тарихи рөлін қайта мойындау еді.

Патриот болу – тұлғалардың есімін ғана жаттап алу емес

Тәуелсіздік пен еркіндік өздігінен пайда болған жоқ. Оның артында тіпті еркіндік туралы ойдың өзі өмірге қауіп төндіретін заманда өмір сүрген адамдардың тағдыры тұр. Олар тек тәуелсіздікті армандап қана қойған жоқ – оның идеясын қалыптастырды, болашақ мемлекеттің іргетасын қалады.

Қазіргі егемендігіміз, еркіндігіміз өздігінен бар сияқты көрініп қалатын кездер болады. Біз осындай тарихымызды, тұлғаларымыздя ұмытсақ – тарихи жадымызды ғана емес, ішкі тірегімізді жоғалтамыз. Елдің  егемендігі үшін күресу жолын таңдаған тұлғалардың есімін жаттап алу ғана емес, өз байланысыңды сезіну маңызды.

Еркіндік бізден күн сайын ерлік күтпес, бірақ бей-жай болуды күтпейтіні анық. Бір сәтке ойланып көріңізші: осындай ұлы тұлғалармен ішкі байланысыңыз қандай? Олар туралы ойлаған кезде, еске алған кезде қандай сезім көтеріледі? Сіз өзіңіз өмір сүріп жатқан елдің азаматы ретінде қоғамға қандай пайда тигізе аласыз? Сіз үшін “Мен елімді жақсы көрем” деген не?

Back to top button