Хоккейші қыздар бес айдан бері жалақы ала алмай жүр
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров оқиғасынан кейін отандық спортта тағы бір мәселе шықты. Бұл жолы Қазақстан құрамасы мен «Айсұлу» клубының хоккейшісі Малика Алдабергенова жалақы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАЛА БАСШЫЛЫҒЫНАН КӨМЕК СҰРАЙДЫ
Бұл туралы 28 жастағы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Көп адамдар Михаил Шайдоровтің жағдайынан хабардар. Біреу мені оның танымалдылығын пайдаланып, өз мәселеме назар аудартуға тырысуда деп ойлауы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, олай етпесек, ешкім естімейді. Бізге бес айдан бері жалақы төленген жоқ. Әр ай сайын төлем күндері ауысып отырады: бір күнді уәде етеді, кейін басқа күнге қалдырады, сосын ай соңына дейін күту керек деп айтады. Осылай үнемі жалғасып келеді», – деп жазды Малика Алдабергенова 31 мамырда Threads платформасында.
Ол «Айсулу» хоккей клубының Қазақстан чемпионы әрі Еуропалық әйелдер хоккей лигасының жүлдегері екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, әйелдер хоккейі туралы бәрі бірдей білмейді. Көпшілік тек нәтижелерді, медальдар мен жарыстардағы суреттерді көреді. Бірақ бұл жетістіктерге қаншама еңбек, уақыт пен күш жұмсалғандығынан бейхабар. Сондай-ақ көп адам қазіргі жағдай үшін кім жауапты екенін сұрайды. Бізге белгілісі сол, мәселе Алматы қаласының Спорт басқармасының қарауында. Сондықтан біз қала басшылығы мәселемізге назар аударып, шешіп береді деген үміттеміз», – деді Малика Алдабергенова.
“БАСШЫЛЫҚТЫ КІНӘЛАМАУҒА ШАҚЫРАМЫН”
Хоккейші осы жазбаны шатақ іздеп немесе хайп үшін қалдырмағанын алға тартты.
«Мен тек спортшылар жағдайын естісе екен деймін. Бізді қолдап, ақпарат таратуға көмектескен барлық адамға тағы да алғыс айтамын. Бұл біз үшін өте маңызды», – деді спортшы.
Сонымен қатар, ол келеңсіздік болмас үшін маңызды ақпарат ұсынды: жазба клуб басшылығына қарсы бағытталмаған.
«Керісінше, «Айсулу» клубы басшылығы осы уақыт ішінде мәселені шешуге тырысып келеді және спортшылар мен қызметкерлер еңбекақысын алуына бар күшін салуда. Бізге белгілі жағдай, мәселе клубқа бөлінетін қаржының жетіспеуінен туындаған. Сондықтан клуб басшылығын кінәламауға шақырамын. Бәріміз де мәселені мүмкіндігінше тез шешілуіне мүдделіміз», – деп түсіндірді Малика Алдабергенова.