TOP-1Жаңалықтар

Еxit poll нәтижелерінен кейін партиялар басшылары мәлімдеме жасады: олар не дейді

Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аяқталып, еxit poll нәтижелері жарияланғаннан кейін партиялардың басшылары бірінен кейін бірі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz

«Әділет» партиясы халықтың қолдауына ризашылық білдірді

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады. Ол сайлаушыларға білдірген сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ партияның халық алдындағы жауапкершілігіне тоқталып, алдағы уақытта партия бағдарламасын жүзеге асыруға басымдық берілетінін жеткізді.

“Сайлауалды науқан кезінде еліміздің әр өңірін аралап, талай азаматпен жүздестік. Әр кездесуде халықтың мұң-мұқтажын, ойы мен ұсынысын өз аузынан естідік. Айтылған әр пікір біз үшін маңызды, олардың барлығы алдағы жұмысымызда ескеріледі. Бұл сайлау ашық, әділ әрі айқын өтті. Саяси партиялар арасында шынайы бәсекелестік болды. Сіздердің сенімдеріңіз біз үшін үлкен жауапкершілік. Біз халықтың үмітін ақтау үшін аянбай еңбек етеміз. Бізге сеніп, «Әділет» партиясын қолдаған әр азаматқа шын жүректен алғыс айтамыз! — деді Айбек Дәдебай.

Ақ жол: Халқымыз өз таңдауын жасады

“Ақ жол” партиясы басшысы Дания Еспаеваның айтуынша, бүгін еліміздің саяси өміріндегі тарихи оқиға — алғашқы Құрылтай сайлауы өз мәресіне жетті, халқымыз өз таңдауын жасаған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от АҚ ЖОЛ ПАРТИЯСЫ (@akzhol_partiyasy)

“Бұл Құрылтай – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси реформаларының айқын нәтижесі, жалпыұлттық референдумда қабылданған халықтық Конституциямыздың жүзеге асуының нақты көрінісі. Осы тарихи өзгерістердің заңды дәлелі ретінде өткен алғашқы Құрылтай сайлауы ашықтық пен әділдік қағидаттарына сай өтіп, азаматтарға өз таңдауын еркін жасауға мүмкіндік берді, — деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Дания Еспаева барлық саяси партиялар ашық бәсеке жағдайында сайлауға қатысып, өз бағдарламаларын сайлаушыларға жан-жақты жеткізгенін айтты. Оның сөзінше, бұл — еліміздін саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам әрі халықтың өз болашағын айқындауға тікелей қатысуының жаңа кезеңі.

“«Ақ жол» Демократиялық партиясы осы сайлауға жан-жақты дайындықпен, мол тәжірибемен, мықты командамен және елдің ертеңіне бағытталған жаңашыл идеялармен қатысты. Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана пайыздық көрсеткіш емес. Оның артында «Ақ жолға» сенім артқан мыңдаған азаматтың үміті мен арманы, елдің болашағына деген нақты сенім тұр, — деп түйіндеді ол.

“Ауыл” партиясының басшысы: Сайлау ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті

«Ауыл» партиясының төрағасы Қ. Айтуғанов сайлаудың ашық әрі ұйымдасқан түрде өткенін атады Ол Президенттің дәйекті саяси бағыты мен ауқымды реформалары еліміздің дамуында жаңа кезеңге жол ашып, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуының маңызын арттырғанын және қоғаммен ашық диалогты нығайтқанын атап өтті. Күні бойы партия дауыс беру барысын бақылап, өңірлермен тұрақты байланыста болды. Қайрат Айтуғановтың айтуынша, сайлау тыныш, ашық әрі ұйымдасқан жағдайда, заңнама талаптарына сәйкес өтті. Қайрат Айтуғанов «Ауыл» партиясының нәтижесін халықтың сенімі әрі үлкен жауапкершілік деп бағалады. Сондай-ақ сайлауға қатысқан барша қазақстандықтарға және партияға қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Ауыл партиясы (@auyl.partiyasy)

«Сіздердің әрбір дауыстарыңыз – бізге бұдан да көп әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге берілген аманат. Сайлау аяқталады. Жұмыс жалғасады», – деді партия төрағасы.

Сайлаудың түпкілікті қорытындысын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

ЖСДП: Біз халықтың сенім мандатына ие болдық

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов сайлаудың алғашқы нәтижесіне пікір білдірді. Экзитпол нәтижесі бойынша ЖСДП Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сайлауында сайлаушылардың 5% аса қолдауына ие болды. Алғашқы болжамды нәтижеге байланысты ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов, партияға сенім артқан барша қазақстандықтарға, сондай-ақ бүкіл сайлау науқаны бойы партияластармен бірге болған белсенділер мен еріктілерге шынайы алғысын білдірді.

“Біз халықтың сенім мандатына ие болдық. Бұл — үлкен жауапкершілік, — деді Асхат Рақымжанов.

ҚХП: Алда ауқымды жұмыс тұр

ҚХП төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сайлау науқаны барысында орасан зор табандылық танытып, адал әрі жанкешті еңбек еткен әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтты.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от НУРСУЛТАН ШОКАНОВ (@shokanov.nursultan)

“Өңірлік штабтар, еріктілер, заңгерлер мен байқаушылар ұлан-ғайыр жұмыс атқарып, әрбір аула мен кәсіпорынды аралап шықты. Осылайша партиямыздың еңбек адамдарының мүддесін қорғауға дайын, мақсаты бір, ұйымшыл команда екенін дәлелдедіңіздер. Қазақстан Халық партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды саяси жаңғыруды жүзеге асыруға және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған стратегиялық бағдарын толығымен қолдайды. Әлеуметтік әділеттілік, тең мүмкіндіктер және биліктің қоғам алдындағы есептілігі идеялары партиямыздың бағдарламасымен үндеседі. Біз мемлекет дамуының жаңа кезеңінде Президент реформаларының сенімді әрі жасампаз тірегі болуға дайынбыз. Партия қағидаттарына адалдықтарыңыз, күш-жігерлеріңіз бен бірліктеріңіз үшін рақмет! Алда елдің және әрбір қазақстандықтың игілігі жолындағы ауқымды жұмыс тұр”, – дейді ол.

«Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты» – Respublica

Айдарбек Қожаназаров бүгін еліміз үшін маңызды күн екенін айтып, алғаш рет өткен Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи сәт, ел дамуының жаңа кезеңі деді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Respublica партиясы (@respublica_partiyasy)

“Өздеріңіз білесіздер, биыл ел болып, біртұтас ұлт болып жаңа Ата заң қабылдадық. Біз және біздің жақтастарымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап берген саяси реформаларды толық қолдаймыз. Республика партиясы үнемі осы тарихи оқиғалардың, ауқымды бастамалардың бел ортасында жүр. Бүгін міне, күллі халқымызбен бірге болашаққа нық қадам жасап отырмыз. Осы айтулы күнімен, сайлаудың сәтті өтуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен сайлауға қатысып өз таңдауын жасаған барша Қазақстан халқына алғыс айтамыз. Respublica партиясына дауыс берген азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіреміз. Сонымен бірге басқа партияларды таңдаған отандастарымыздың да шешіміне құрметпен қараймыз. Себебі елдік істе әр азаматтың дауысы маңызды. Сайлауалды кезеңде Respublica командасы еліміздің барлық өңірін аралап халықпен кездесті. Елдің мәселесін ұсынысын болашаққа деген ойын тыңдадық. Осы кездесулерден біз халқымыздың өзгеріске жаңаруға және дамуға деген үлкен сұранысын көрдік”, – дейді ол.

Қожаназаров Республика партиясы бүгін сайлау ашық, әділ және заң талаптары сай өтті деп есептейтінін айтты “Дауыс беру аяқталып, жаңа ғана exit poll-дың алғашқы нәтижелерін естідіңіздер. Бұл – біз күткен нәтиже” деді.

“Байтақ” партиясының басшысы Азаматхан Әміртаев ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Тек Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері азаматтардың таңдауын мойындайтынын және саяси жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар олар сайлау нәтижелерін талдап, партия ішіндегі жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті.

Back to top button