Қоғам

Бір палаталы Құрылтай: жаңа саяси кезеңнің мүмкіндіктері

Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа кезеңнің басталуымен 23 тамызда өткен алғашқы Құрылтай сайлауы елдің институционалдық жаңғыруындағы маңызды қадамға айналды. Бірпалаталы Парламенттің қалыптасуы заң шығару үдерісін жетілдіруге, жаңа саяси тұлғалар мен идеялардың алға шығуына мүмкіндік береді. Жаңа құрамның алдында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңірлерді дамыту, цифрландыру және адами капиталды нығайту секілді маңызды бағыттар бойынша сапалы заңнамалық шешімдер әзірлеу міндеті тұр. Сонымен қатар депутаттардың кәсіби жауапкершілігі мен сайлаушылар алдындағы есептілігі Құрылтай жұмысының маңызды өлшеміне айналмақ.

Құрылтайдың жаңа форматтағы мүмкіндіктері, оның ел дамуына беретін серпіні және жастардың заң шығару үдерісіне қатысуы туралы М.Әуезов атындағы зерттеу университетінің «Басқару және бизнес» жоғары мектебінің деканы, экономист-профессор Марат  Сейдахметов айтып берді.

– Мемлекет басшысы алғашқы бірпалаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екенін атап өтті. Құрылтайдың жаңа заң шығарушы орган ретінде қалыптасуы Қазақстанның саяси жүйесіне қандай жаңа мүмкіндіктер береді?

– Меніңше, алғашқы бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың сайлануы Қазақстанның саяси жүйесін институционалдық тұрғыдан жаңғыртудың маңызды кезеңі. 2026 жылғы жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады және пропорционалды жүйе бойынша сайланады.

Біріншіден, заң шығару үдерісі ықшам әрі жедел болады. Бұған дейін заң жобалары Мәжіліс пен Сенаттың екі сатылы қарауынан өтсе, енді бір палаталы құрылым шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе экономикалық реформалар, инвестиция, цифрландыру және жасанды интеллект сияқты жылдам өзгеріп жатқан салалар үшін маңызды.

Екіншіден, Құрылтайдың саяси жауапкершілігі артады. Бір ғана заң шығарушы орган болғандықтан, қабылданған заңдардың сапасы мен олардың нәтижесіне депутаттардың жауапкершілігін бағалау жеңілдейді. Мемлекет басшысы да Құрылтай депутаттарына ең алдымен заңдардың сапасына, сайлаушыларға берген уәделерінің орындалуына және елдің дамуына жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Үшіншіден, жаңа саяси тұлғалар мен жаңа идеяларға мүмкіндік ашылады. Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың пайда болуына жол ашатынын айтты. Бұл ретте жастардың, өңірлердің, кәсіпкерлердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің саяси шешімдерге ықпалы күшеюі мүмкін.

Төртіншіден, халық пен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік бар. Жаңа саяси модельде Құрылтаймен қатар Халық кеңесін құру көзделген. Оның маңызды ерекшелігі – қоғамдық-саяси мәселелерді талқылап қана қоймай, Құрылтайға заң жобаларын ұсыну, яғни заң шығару бастамасын көтеру мүмкіндігі.

Бесіншіден, бұл өзгерістер саяси жүйенің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Президенттің пайымынша, Құрылтайға көшу, Халық кеңесін құру және басқа да конституциялық өзгерістер Қазақстанды 1995 жылдан бері қалыптасқан модельден жаңа конституциялық модельге көшіреді.

Бірпалаталы Парламенттің тиімділігі оның құрылымымен ғана емес, нақты жұмыс сапасымен де өлшенеді. Құрылтай заңдарды формалды түрде қабылдайтын орган емес, Үкіметтің жұмысын кәсіби бақылап, қоғамның нақты сұраныстарын заңнамалық шешімдерге айналдыратын институт болуы керек. Саяси бәсекелестік, ашық пікірталас, депутаттардың кәсібилігі және қоғамдық бақылау күшейген жағдайда ғана реформаның толық нәтижесі көрінеді.

Экономист-профессор ретінде менің бағамым бойынша, Құрылтайдың басты мүмкіндігі – «аз уақыт ішінде көп заң қабылдау» емес, «сапалы заңдар арқылы экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді жеделдету». Егер жаңа депутаттар бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, инвестицияларды қорғау, өңірлердің экономикалық дербестігі, адами капитал және технологиялық даму мәселелерін сапалы заңдармен қамтамасыз етсе, бұл реформа Қазақстанның жаңа экономикалық моделін қалыптастыруға елеулі серпін бере алады.

Сондықтан 2026 жылғы 23 тамыздағы алғашқы Құрылтай сайлауын тек Парламенттің атауы мен құрылымының өзгеруі деп емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа саяси қатынастардың басталуы деп бағалаған жөн. Мемлекет басшысының өзі бұл сайлауды ауқымды реформалардың «бастауы ғана» деп атады.

– Президент Құрылтай сайлауына үлкен үміт артып, жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың пайда болғанын айтты. Жаңа құрамның елдің даму күн тәртібіне қандай серпін әкелетінін күтесіз?

– Меніңше, жаңа Құрылтай құрамынан ең алдымен экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға, өңірлерді дамытуға, адами капиталды нығайтуға және цифрландыруды ілгерілетуге бағытталған нақты заңнамалық бастамаларды күтуге болады.

Жаңа тұлғалар мен жастардың келуі қоғамдағы өзекті сұраныстарды заң шығару деңгейіне жақындата түседі. Бұл жаңа идеялардың пайда болуына және оларды мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарына айналдыруға мүмкіндік береді.

Ең бастысы – жаңа идеялардың нақты іске, сапалы заңдарға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдерге айналуы. Мемлекет басшысы да депутаттардан заңдардың сапасына және сайлауалды бағдарламаларында берген уәделерінің орындалуына жауапкершілік күтетінін атап өтті. Сондықтан жаңа Құрылтайдың жұмысы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына нақты серпін беретін заңнамалық бастамалармен ерекшеленеді деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысы депутаттардың заң сапасына жауап беруі және сайлаушылар алдында берген уәделерін орындауы маңызды екенін атап өтті. Бұл талаптар Құрылтай депутаттарының кәсіби және қоғамдық жауапкершілігін арттыруға қалай ықпал етеді?

– Меніңше, бұл талаптар депутаттардың рөлін тек заң қабылдаумен шектемей, заңдардың сапасы мен олардың нақты нәтижесіне жауап беретін кәсіби институт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сайлауалды уәделердің орындалуы депутаттардың халық алдындағы есептілігін күшейтсе, заң сапасына қойылатын талап олардың кәсіби сараптамасы мен заң шығару жұмысына жауапкершілігін арттырады.

Нәтижесінде депутаттардың жауапкершілігі мен ашықтығы артып, халықпен кері байланыс нығая түседі. Бұл өз кезегінде Құрылтайдың қоғам мүддесін сапалы әрі тиімді түрде білдіретін институт ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

– Президент жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін және мемлекеттің дамуына үлес қосуын қолдайтынын айтты. Құрылтайдың жаңа форматында жастардың қоғамдық-саяси белсенділігі үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

– Құрылтайдың жаңа форматында жастар үшін өзекті мәселелерді көтеруге, қоғамдық бастамаларды ұсынуға және заң шығару үдерісіне жаңа идеялар енгізуге мүмкіндік кеңейеді. Әсіресе білім беру, цифрландыру, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және инновация бағыттарында жастардың дауысы маңызды болмақ.

Жастардың жаңа бастамалары осы салалардағы мемлекеттік саясаттың мазмұнын толықтырып, заманауи шешімдердің қалыптасуына ықпал ете алады. Ең бастысы – жастардың белсенділігі нақты ұсыныстарға, қоғамдық бастамаларға және нәтижелі іске ұласуы керек.

Back to top button