Бөкетов университетінде туберкулездің үш жағдайы тіркелді
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде туберкулездің үш жағдайы расталды. Оқу орны он адамнан ауру анықталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz университет мәліметіне сілтеме жасап.
Ауру жұқтырғандар бір-бірімен байланыста болмаған
Университеттің хабарлауынша, эпидемиологиялық тергеп-тексеру барысында үш жағдайдың бір-бірімен байланысы жоқ екені анықталған. Науқастардың екеуі өзге өңірлерден келген, ал біреуі — жергілікті тұрғын. Олар өзара байланыста болмаған.
Қазір оқу орны санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, қажетті профилактикалық шараларды жүргізіп жатыр. Науқастармен жақын байланыста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынған.
Университет мәліметінше, олар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан бөлек, студенттерге профилактикалық медициналық тексеру ұйымдастырылған.
Кейбір топтар уақытша қашықтан оқуға көшірілді
Тиісті үй-жайларда санитариялық-профилактикалық шаралар жүргізілген. Осы жұмыстар кезінде жекелеген топтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.
Университет әкімшілігі жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Санитариялық қызметтердің ұсынымымен енгізілген уақытша шараларды қоспағанда, оқу процесі қалыпты режимде жалғасып жатыр.
Оқу орны ресми ақпаратқа сүйеніп, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды. Сондай-ақ азаматтарды жаңылыстыруы немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату үшін Қазақстан заңнамасында жауапкершілік көзделгенін еске салды.