Білім

Білімге бір қадам: Астанада балабақша түлектері келешекте оқитын мектеп өмірімен танысты

Бүгін Астанадағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде №73 “Аяулым” балабақшасының мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілеріне арналған “Болашақ оқушымен танысу күні” атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

75 БҮЛДІРШІН ҚАТЫСТЫ

Бұл шараның басты мақсаты – балабақша түлектерін мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып, олардың бойындағы оқуға деген қызығушылықты ояту және жаңа ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.

Аталған шараға аталған балабақшадан 75 бүлдіршін қатысты.

“Бүгін өткізіп жатқан іс-шараның мақсаты балабақша түлектеріне мектебімізді көрсетіп, балалардың мектепке бару қорқынышын сейілтіп, мектепте өтетін түрлі іс-шаралармен таныстыру. Мектептегі бастауыш сыныпты аяқтайтын оқушыларымыз балабақша түлектерін өздері қарсы алып, мектептің өмірі: сынып, асхана, кітапхана, спорт залды таныстырып, бірінші сыныпта мектепке алып баратын сөмкенің ішіне не салынатынына дейін көрсетті”, – дейді №92 мектеп-лицейінің директоры Оразкул Жолдасбекова.

МЕКТЕПТЕ ҒЫЛЫММЕН ДЕ АЙНАЛЫСУҒА БОЛАДЫ

Ол – білім ордасы білім алатын ғана емес, ғылыммен айналысуға болатын жер екенін айтты.

“Балабақша түлектері мектепте ғылыми жобалармен де айналысуға болатынын көргенде таң қалды. Мәжіліс залында оқушылар өздерінің шығармашылық жобаларын көрсеткенде балабақша түлектері керемет әсер алды. Бұл шаралар олардың мектепте оқуға деген қорқынышын сейілтіп, сүйіспеншілігін арттырады деп ойлаймын. Балабақша түлектері күзде бірінші сынып табалдырығын аттайды. Осындай шараның өтуі олардың мектепте оқуларына психологиялық, эмоциялық тұрғыда зор көмек болады, – дейді мектеп директоры.

Балабақша түлектері спорт залда жаттығу жасаса, кітапханада 4 сынып оқушылары қойған “Мақта қыз” ертегісін тамашалады. Сондай-ақ, мәжіліс залына барып, оқушылардың ән, би, қолөнер сияқты әртүрлі қабілет, өнерлерін тамашалады.

ШАРАНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ НЕ

Балабақша түлектері мектеп ғимаратын аралап қана қоймай, бастауыш сынып оқушыларының қолдарымен құрастырылған роботтар көрмесін тамашалады. Болашақ оқушылар аға-әпкелерінің әртүрлі тақырыпта қорғаған ғылыми жобаларымен танысып, оқушылардың қолөнер мен өнердегі шығармашылық жұмыстарына куә болды.

Іс-шараның негізгі бағыттары психологиялық дайындық, танымдық экскурсия, ұстаздар және оқушылармен танысу, мектептегі ережелермен танысу сияқты бірнеше бөліктерді қамтыды.

“Маған дене шынықтыру сабағы, “Мақта қыз” ертегісі ұнады. Мен бірінші сыныпта мектепке кітап, дәптер, қаламсап алып барамын. Мен мектепте оқығым келеді, бұл мектеп маған ұнап қалды” – дейді “Аяулым” балабақшасының мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушісі Сезім Макханова.

Back to top button