«Баяндамаңыз жақсы, бірақ жарылыс бәрін көрсетті»: Бектенов «Казцинкке» шүйлікті
Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазмырыштағы» жарылыстан кейін кәсіпорындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еске салсақ, 5 мамырда «Казцинк» компаниясының Өскемендегі зауытында жарылыстьан екі адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Кейіннен ауруханада тағы бір адам көз жұмған еді.
Үкімет отырысында сөз алған «Қазмырыш» директоры Жанат Жанботин мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, 5 мамырда “Қазмырыш” өз тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірін бастан өткерді. Бұл біз үшін орны толмас қаза. Мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қазіргі уақытта өндірісте айрықша бақылау режимі енгізілді. Барлық басшылар, өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары мен кәсіподақ өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде 11 мыңға жуық жұмыс орны тексеріліп, қатаң бақылауға алынды», – деді ол.
Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, мамырдағы қайғылы жағдай қауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті деді.
«Жақсы баяндап тұрсыз. Бірақ мамырдағы оқиға сөзіңізді жоққа шығарып отыр. Сондықтан қосымша шаралар қабылдаңыздар», – деді Бектенов.