Баланың мектепке қай жастан барғаны оның оқу үлгеріміне ғана емес, психологиялық жағдайына да әсер етуі мүмкін. «SAMGA» үздіктер фабрикасы» оқу орталығының негізін қалаушы, «Сенің атың – жылдамдық иесі» математикадан тренажерлар кітабының авторы Айнагүл Дәуіт ата-аналарды баланы алты жасында мектепке беруге асықпауға шақырды. Оның айтуынша, қоғамдағы «жұрттан қалып қоямыз» деген алаңдаушылық ата-аналарды баласының мектепке дайындығын ескермей шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Бұл туралы ол продюсер, кәсіпкер Таир Нұрманның подкастында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Жұрттан қалып қоямыз»
«Баласының мектепке дайын немесе дайын емес екенін ата-ана өзі біліп, сезіп тұрады, бірақ қоғамда ата-аналар «Жұрттан қалып қоямыз, мектепке 6 жастан бару керек» деген үреймен өмір сүреді. Баласы мектепке дайын емес екенін біле тұра елден қалмай мектепке беруге тырысады. Бұл мәселе мені қатты уайымдатады», – дейді Айнагүл Дәуіт.
«6 жастағы бала бірінші сыныптың бағдарламасын меңгере алмайды»
Ол 6 жасқа толып қойғандықтан мектепке барған балалар білімді қажетті деңгейде меңгере алмайтынын айтты.
«6 жасынан мектепке барған бала бірінші сыныптың тақырыбын меңгере алмайды. Екінші сыныпта бірінші сыныпта оқығанын қайта есіне түсіріп, екінші сыныптағы бағдарламаны қуып жетуі керек. Бұл бала үшін – стресс. 6 жасында мектепке баруға дайын балалар да болады, бірақ басым бөлігі дайын болмайды. Ата-ана баласын 6 жасында мектепке баруіне де, бермеуіне де болатынын білуі керек. «Заң бойынша мектепке 6 жастан бастап бару керек» деген ата-аналардың өздері ол заңды ашып оқып көрмеген. Білім туралы заңның 31-бабында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау туралы тармақ бар. Ол тармақта айтылатын ой мүлдем басқа. Ол жерде «6 жастан бастап баланы бірінші сыныпқа ешқандай конкурссыз, тест рәсімінсіз қабылдау керек» деп жазылған. Демек, «Алдыңа 6 жастағы бала келсе – конкурс, тест өткізбейсің, мектепке қабылдайсың» деп тұр. Бұл «Мектепке тек 6 жасынан бастап беруің керек» деген сөз емес. 6 жастағы баланың зейіні тұрақсыз, гипербелсенді болса – мектепке беруге асықпаңыз», – дейді маман.
«7 жаста мектепке қабылданбайды деген заң жоқ»
Оның айтуынша, әр ата-ана өз ұстанымында тұра алуы керек.
«Көп ата-ана жұрттан қалмайын деп сабақ оқуға дайын емес 6 жастағы баласын мектепке апарады. Ол – дұрыс емес. Заңда «Балаңыз 7 жасқа толып қойса – мектепке қабылданбайды» деп жазылмаған. Балаңыз мектепке 7 жасқа толғанда берсеңіз – өзіңізге жеңіл болады. Оған «Ана кітапты оқы, мына әріпті жаз» деп айта аласыз. Ал 6 жастағы баланы олай басқару оңай емес. 6 жастағы баланың ойыны қанбаған. Ол әлі ойын баласы. Оны оқытам деп жүйкеңіз тозады, оған ұрысасыз. 7 жастағы бала үй тапсырмасын тез орындайды, ал 6 жастағы бала үй тапсырмасын жылдам орындай алмайды, себебі оның миы әлі ондай ақпаратқа, білімге дайын емес. Сөйтіп ата-ана 6 жастағы баласын қосымша сабаққа сүйрейді. Ай сайын 50-60 мың теңге төлеп, қосымша сабаққа 9 ай бойы апарады. Сонда қанша теңге кетеді – есептеңіз. Ал 6 жастағы бала бәрібір қосымша сабақты да меңгере алмайды. Түске дейін мектепте, түстен кейін қосымша сабақта болса – бала қай уақытта демалып, қай уақытта ойнайды?», – дейді ол.