Бала тапқан отбасыларға мемлекет нақты қалай көмектеседі – жауап
Қазақстанда бала тапқан отбасыларға қанша ақша төленеді
Қазақстанда сәби дүниеге келген отбасыларға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналар бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын бала күтіміне арналған төлем ала алады, деп хабарлайды Tizgin.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бала туғаны үшін қанша төленеді
Бала тууына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына және ата-ананың жұмыс істейтініне қарамастан тағайындалады. Бұл – сәби дүниеге келгеннен кейін бір рет төленетін көмек.
2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері – 164 350 теңге.
Ал отбасында төртінші немесе одан кейінгі бала дүниеге келсе, әр сәбиге 272 475 теңге төленеді.
Ай сайынғы жәрдемақы және рәсімдеу тәртібі
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын бала күтімі жәрдемақысы беріледі. Оның мөлшері отбасындағы баланың туу кезектілігіне байланысты:
- бірінші балаға – 24 912 теңге;
- екінші балаға – 29 454 теңге;
- үшінші балаға – 33 952 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.
Жәрдемақыны екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы проактивті түрде рәсімдеуге болады. Баланың тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың телефонына 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келеді. Өтініш беруші қажетті мәліметтерді растауы және банк шотының деректерін көрсетуі керек.
Егер 1414 нөмірінен хабарлама келмесе, өтінішті eGov порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болады.