TOP-1Жаңалықтар

Әскерден босату тәртібі күшейе түседі – жаңа талаптар енгізіледі

Әскерден «ақ билетпен» құтылу қиындай түседі

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырудан босату туралы шешімдерді тексеру тәртібі нақтыланды. Енді аудандық немесе қалалық шақыру комиссиясының шешімі міндетті түрде облыстық деңгейде қайта қаралады. Егер күмән туындаса, азамат қайта медициналық тексеруден өтуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әскерден босату шешімі енді қалай тексеріледі

Жаңа тәртіпке сәйкес, азаматты әскери қызметтен босату туралы аудандық (немесе қалалық) шақыру комиссиясының шешімі түпкілікті болып саналмайды. Бұл шешім міндетті түрде облыстық шақыру комиссиясының қарауына жіберіледі. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тексеруді қалалық шақыру комиссиялары жүргізеді.

Жоғары тұрған комиссияға мына құжаттар жолданады:

  • шақырылушының есепке алу картасы;
  • медициналық куәландыру картасы;
  • зертханалық талдаулар мен өзге де медициналық тексерулердің нәтижелері.

Қандай жағдайда қайта медициналық тексеруден өту керек

Құжаттарды зерделегеннен кейін облыстық комиссия екі түрлі шешімнің бірін қабылдайды. Егер комиссия аудандық дәрігерлердің қорытындысымен келіссе, азаматты әскери қызметтен босату туралы шешім өзгеріссіз қалады.

Ал диагнозға, медициналық қорытындыға немесе тексеру нәтижелеріне қатысты күмән туындаса, шақырылушы қайта медициналық куәландырудан өтеді.

Облыстық комиссия шешімді жоя алады

Егер тексеру барысында аудандық немесе қалалық шақыру комиссиясы азаматты заң талаптарын бұза отырып әскери қызметтен босатқаны анықталса, облыстық шақыру комиссиясы бұл шешімнің күшін жоюға құқылы.

Қайта медициналық тексеруден кейін азаматқа қатысты мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

  • әскери қызметке жарамды деп танылып, әскерге шақырылады;
  • денсаулық жағдайына байланысты уақытша кейінге қалдыру беріледі;
  • бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан босатылады;
  • әскери міндеттен толық босатылып, әскери есептен шығарылады.

Қорғаныс министрлігі ескерту жасады

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде және интернетте таралып жүрген «әскерден босатып береміз» немесе «ақ билет алып береміз» деген жарнамаларға сенбеуге шақырған болатын.

Ведомствоның мәліметінше, әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайды. Ал жалған медициналық анықтамалар мен қолдан жасалған диагноздарды пайдалану Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Әскерге баратын жастарға қандай қолдау бар

Әскерге барған жастарды 2023 жылдан бері мемлекет тегін грант беріп қолдап келеді. Қорғаныс министрлігінің әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаевтың сөзінше, гранттан бөлек жатақханадан орын мен әскери кафедрада тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Осындай мүмкіндікті былтыр 5 мыңға жуық азамат пайдаланған.

Back to top button