$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Алтын адамды» тірілткен шебер бірде-бір мемлекеттік марапат алмаған

Тұрсынгүл Жайлаубайқызы уақыт шыңына көміліп, жойылуға шақ қалған жәдігерлерді бүтіндеп, бүгінге жеткізген шебер. Дегенмен көпшілік оны әлі күнге дейін танымай жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өзбекәлі Жәнібеков Эрмитажға жібермек болды

Хабар арнасы мәліметінше, шебер әлем тамсанған «Алтын адам», Алтай көсемінің ұлы секілді қазақтың баға жетпес қазынасына екінші өмір сыйлады. Тұрсынгүл апа елдегі мата, көне киім және киіз бұйымдарын реставрациялау өнерін өз бетінше меңгерген.

Реставраторлықты елде мен бірінші бастадым. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың қоластында болдым. Өз бетімше оқуын оқығам жоқ. Ешкім үйретпеді. Жәнібеков аға мені Эрмитажға жіберемін дегенде қайтыс болып кетті ғой, – деді апа.

Эрмитаждан білім алғысы келген шебер бүгінде Абылайхан хан мен Қазыбек бидің шапандарын жоғалып кетуден сақтап қалған.

Жіп іздеп, Бұқараға дейін барды

Қатты кеуіп, ширатылып кеткен Қаз дауысты Қазыбек бидің шапанын қалпына келтіру үшін екі жарым жыл тер төккен. Тіпті, сол заманның зерлі жібін іздеп, Бұқара қаласынан соған ұқсас мата алып қайтқан.

Ол кісінің шапанында қасиет бар. Адамды дұрыс жолға салып тұрады. Былай, былай істеп деп айтатын секілді. Соны қалпына келтіру үшін қызымыз екеуіміз Бұқараға дейін барып, соған ұқсас мата алып келдік. Оңай болмады, – деді шебер.

Елде реставрациялық зертхананың болмауынан құнды жәдігерлерді өңдеу жұмысын кейде өз үйінде отырып орындаған. Ол өңдеген шапандар бүгінде ТМД мұражайларында тұр.

Дегенмен реставратор Насиякул Жайлаубаеваның сөзінше, шеберді әлі күнге дейін танымайтындар бар. Айталық, Тұрсынгүл Жайлаубайқызында осыншама еңбегінен соң берілген мемлекеттік атақ та жоқ. Сарапшылар реставраторлардың танылмай жүргендеріне бірнеше себеп барын, оның ішінде арнайы білімі болмауын алға тартқан.

Back to top button