Жаңалықтар

Алматы тауларында 19 жыл бұрын жоғалған альпинист: қызы әкесін рюкзагы арқылы таныды

Оқиғаның мән-жайын Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова Facebook-тегі парақшасында жариялады.

19 тамызда құтқарушылар Алматы облысының тауларындағы Северцов мұздығынан табылған альпинистің денесін төменге түсірді. 19 жыл бұрын жоғалып кеткен ер адамның қызы оны рюгзагы арқылы таныған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Денені туристер тауып алған

Оқиғаның мән-жайын Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова Facebook-тегі парақшасында жариялады. Ол бұған дейін Беларусьтен келген туристердің таудан адам денесін тапқаны туралы ақпаратты толықтырды.

Әлеуметтік желі қолданушылары марқұмның жеке басын оның сақталған заттары мен альпинистік жабдықтары арқылы анықтауға болады деген болжам айтты.

Әсіресе ауыр металл қаңқасы бар рюкзакқа назар аударылды. Мұндай рюкзактар 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында кеңінен қолданылған.

Осыған қарап, альпинистің денесі тауда шамамен 20 жыл бойы жатқан болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Қызы рюкзакты бірден таныған

Жарияланым шыққаннан бірнеше сағат өткен соң жазбаның авторымен Нелля Михеева байланысқа шыққан. Ол – 19 жыл бұрын жоғалып кеткен альпинистің қызы.

Нелляның айтуынша, таңертең құрбысы оған рюкзактың суреті жарияланған жазбаны жіберген. Рюкзак олардың отбасында болған сөмкеге қатты ұқсас болып шыққан.

Кейін бұл жазбаны Нелляға күйеуі де жіберген.

Осыдан кейін ол Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласып, мәйітті таудан түсірген құтқарушы мен істі тергеп жатқан тергеушінің байланыс нөмірлерін алған.

Рюкзактан әкесінің құжаты табылған

Тергеуші Неллядан әкесінің фотосуреттері мен құжаттарын жіберуді сұраған.

«19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Таңертең құрбым рюкзактың суреті бар жазбаны жіберді. Ол біздің рюкзакқа қатты ұқсайды екен. Кейін сол жазбаны күйеуім де жіберді. Мен ТЖМ-ге хабарластым. Олар маған мәйітті түсірген құтқарушы мен тергеушінің байланысын берді. Тергеуші фотосуреттер мен құжаттарды жіберуді сұрады. Кейін өзі хабарласып, рюкзактың ішінен әкеме тиесілі аты-жөні жазылған куәлік табылғанын айтты», – деді Нелля Михеева Instagram-дағы парақшасында.

Осылайша, 19 жыл бұрын тауда жоғалып кеткен альпинистің кім екені оның жеке құжаты арқылы анықталған.

Қызы құтқарушылар мен туристерге алғыс айтты

Нелля Михеева қаза тапқан адамды байқап, оқиғаға бейжай қарамаған Беларусьтен келген туристерге алғысын білдірді.

Сондай-ақ, ол ақпаратты әлеуметтік желілерде таратқан блогерлер мен журналистерге, құтқарушыларға және полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысындағы Северцов мұздығынан турист болуы мүмкін адамның сүйегі табылғаны туралы жаздық. Оны екі апталық тау жорығынан оралған Беларусь азаматтары көрген.

Back to top button