Алматы облысында жол опырылды: көліктерге шектеу қойылды
Алматы облысында республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігі опырылып түсті. Бұл туралы Райымбек ауданының әкімдігі хабарлады.
МӘН-ЖАЙЫ
3 сәуір күні Райымбек ауданында «Кеген – Нарынқол» автожолының 20-шақырымында жол төсемі опырылып түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, еріген қар суын өткізу кезінде су өткізгіш құбыр зақымдалып, соның салдарынан жолдың жер қабаты шайылған.
Айта кетерлігі, аталған учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына кірмеген.
ЖОЛДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ
Аталған жол 1960–1970 жылдары салынған. Қазіргі уақытта бұл бағытта орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күн сайын шамамен 500-ге жуық көлік осы жолмен қатынайды.
ҚАНДАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАНДЫ
Қазіргі уақытта зақымдалған аумақта көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Көліктер үшін топырақ жол арқылы айналма бағыт ұйымдастырылған. Енді компания уақытша айналма жол салуды жоспарлап отыр.