Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медицина мамандығын таңдайтын түлектер үшін маңызды жаңалықты айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
САЛАНЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР
Депутаттың сөзінше, ең бастысы 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді. Жаңа ережелер тек 2022 жылдан кейін университетке қабылданғандарға қатысты. Бүгінде медициналық университеттерде оқу үш жүйе бойынша ұйымдастырылған:
1. 2019 жылы түсіп, биыл оқуын аяқтайтындар: 5 жыл бакалавриат + 2 жыл интернатура форматымен оқуда. Олар 7 жылдық оқудан кейін тек жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) болып жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін резидентура қажет.
2. 2020-2021 жылдары түскендер (2026-2027 жылдары аяқтайды): 5 жыл бакалавриат + 1 жыл интернатура бойынша оқып жатыр. Олар 6 жылдық оқудан кейін тек 6 мамандық бойынша ғана жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін тағы да резидентура қажет.
Осы 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді.
3. Ал енді 2022 жылдан бастап түскендер: 6 жыл оқиды. Оның ішінде бакалавриат, магистратура және небәрі 6 айлық интернатура бар. Бұл жүйенің алғашқы түлектері дипломдарын 2028 жылы алады.
Депутаттың сөзінше, бұл жүйеде бірнеше проблема бар:
1. Жұмысқа тұру мүмкіндігінің шектелуі: 2028-2029 жылғы түлектер оқуды аяқтаса да, жұмысқа тұра алмайды. Барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуі тиіс (2-4 жыл). Ал резидентураға бөлінетін гранттар саны өте аз, демек басым бөлігі өз қаражатына оқуға мәжбүр болады.
2. Тәжірибенің аздығы, оқу мазмұны: Бағдарламадағы бір жылдық магистратура көбіне диссертация жазуға кетеді. Сонда нақты оқу 4,5 жылға жуық созылады. Ал интернатура небәрі 6-ақ ай.
Бұл уақытта студент ауруханада нақты мәртебесіз, медициналық жүйелерге рұқсатсыз және ем-домға қатысу құқығынсыз «өз бетімен» жүреді.
3. Мансаптық кедергі: Алты жылдық оқудан кейін олар тіпті ЖПД (ВОП) болып та істей алмайды. Резидентурасыз жұмысқа жол жабық.
ЕНДІ НЕ ӨЗГЕРЕДІ
1. 7 жылдық оқу жүйесіне қайта ораламыз дейді ол. Бірақ бұл заманауи мазмұндағы бағдарлама болады: 6 жыл оқу және 1 жыл ауруханада өтетін толыққанды практикалық интернатура.
Оқу кредиттер саны да 300 емес, 420 болады. Осыдан кейін түлектер ЖПД және тағы 5 бағыт бойынша тікелей жұмысқа шыға алады. Невропатолог немесе нейрохирург сияқты тар бейінді маман болғысы келсе резидентурада оқуын жалғастырады.
2. Іргелі пәндерді бойынша. Анатомия, физиология сияқты базалық клиникалық пәндер енді типтік бағдарламаларда қатаң бекітіледі. Әр университет бұл пәндерді толық көлемде беруге міндетті болады. Осы базаны меңгергеннен кейін тәуелсіз алаңда арнайы емтихан тапсырылады.
3. «Дәрігер-интерн» мәртебесі. Интернатураға барғандар енді заңмен бекітілген, ресми мәртебе алады. Бұл: мед. ақпараттық жүйелерге рұқсат, тәлімгердің бақылауымен қарапайым манипуляциялар жасау, еңбекақы алу және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілу құқығы. Бұл нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
“Ең маңыздысы – таңдау құқығы. 2022 жылдан бастап ескі бағдарламамен түскен студенттерге мүмкіндік береміз”, – дейді ол.
Егер студент:
• «6 жыл оқып, бірден резидентураға барамын, тәуекелдерді білемін және қолданыстағы жүйемен оқуымды жалғастырамын» десе, осы қолданыстағы жүйемен қала алады.
• «Жаңа бағдарламаға ауысып, 7 жылдан кейін тікелей жұмысқа шыққым келеді» десе, оған да құқылы.
“Біз студенттердің ұсыныстарын ескеріп, осы таңдау мүмкіндігін заңнамалық түрде бекітеміз” дейді депутат.